Аударма ісін жолға қоймай, қазақстандық әдеби шығармаларды әлемдік деңгейге шығару мүмкін емес. Ол үшін елде аударма мектептерін ашып, халықаралық мәдени қатынасты нығайту қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда басталған ІІ халықаралық жазушылар форумында айтылды. Үш күнге созылатын алқалы жиында әлемнің 18 елінен келген 81 жазушы, аудармашы, пулицистер мен әдеби сыншылар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жазушылардың жылдар бойы көтеріп келе жатқан мәселесі Алматы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан халықаралық форумның негізгі тақырыбы. Осы уақытқа дейін қазақстандық әдебиетшілердің ішінде саусақпен санарлықтары ғана өз шығармаларын өзге тілге тәржімалап, шет елдік оқырмандарға ұсынып келді. Десе де, олардың арасында да алаяқтарға алданып қалғандары бар.
«Менің романым испан тіліне аударылған кезде болды. Мен оны Испаниядан келген өте үлкен беделді аудармашыға тексертіп көрдім. Ол кітаптың испан тілін білмейтін адам аударғанын айтты. Міне, осындай жағдай орын ала бастады», – деді жазушы Смағұл ЕЛУБАЕВ.
Осылайша, жазушы Смағұл Елубайдың кітабы компьютердегі бағдарламаға салынып, тікелей аударыла салынған. Осы сынды проблемаларға жол бермес үшін алқалы жиында бас қосқандар
«Біз АҚШ-та Әбдіжамал Нұрпейісовтің кітабын аударғаннан кейін ондағы оқырмандар осындай керемет жазу бар екеніне таң қалды. Олар тек жазушымен ғана танысқан жоқ, бүкіл қазақ жұртымен, әдеп-ғұрпымен, өмір сүру салтымен танысты. Тіпті, ол шығарма Нобель сыйлығына да үміткер атанды. Демек, біз аударма арқылы тасада қалып жатқан таланттарды танытып, халықаралық ынтымақтастықты нығайта аламыз», – деді жазушы Владимир КАРТЦЕВ.
«Аудармамен жұмыс істеу үшін 4 мәселе қарау керек. Бірінші, біз кімді аударамыз, екінші қай тілге аударамыз, үшінші кім аударады, содан аударған кітаптарды насихаттау. Сондықтан ең бірінші осы мәселенің басын шешіп алу керек», – деді қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді ҒАБДУЛЛИН.
Үш күнге созылатын халықаралық форум барысында қатысушылар көркем шығармаларды аудару мәселесімен қатар әдебиет әлеміндегі байланысты да сөз етеді.
Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы