Тұсаукесер: «Алматы» арнасындағы жаңа телехикаяның басты кейіпкері Айнұрдың Арманы

Тұсаукесер: «Алматы» арнасындағы жаңа телехикаяның басты кейіпкері Айнұрдың Арманы
Оқиға желісі Алматы қаласында тұратын Сафиндар отбасының төңірегінде өрбиді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

19 сәуірден бастап «Алматы» телеарнасында «Айнұрдың Арманы» атты жаңа 20 сериялы ситуациялық комедия көрермендерге жол тартпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телехикаяға арқау болған басты мәселе отбасындағы құндылықтармен байланысты, яғни мықты әрі бақытты отбасын сақтап қалудың құпиясы неде? Отбасындағы бақыт жас жұбайлардың өздеріне ғана байланысты ма, әлде олардың ата-аналары мен туған-туысқандарының қосар үлесі мол ма? Қай отбасын болсын осы сұрақтар мазалайтыны белгілі, ал жаңа телехикая кейіпкерлері соның сырын ашып, жауап беруге тырысады.

Оқиға желісі Алматы қаласында тұратын Сафиндар отбасының төңірегінде өрбиді: жаңадан түскен жас келін Айнұр ауылдан көшіп келген енесімен тіл табыса алмайды. Себебі олардың өмірге деген көзқарастары мүлдем әртүрлі. Айнұрдың ойынша, заман бір орнында тұрмайды – өмірде бәрі өзгеріске ұшырайды, ал енесінің пікірі оған қарама-қайшы – ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрден маңызды ештеңе жоқ, соның бәрі отбасында сақталуы тиіс.

Дегенмен қалалық ортада өскеніне, көзқарасының қарама-қайшылығына қарамастан, Айнұр өзінің бойында нағыз қазақ келініне тән иманжүзділік, биязылық қасиеттері бар екенін көрсете біледі. Айнұрдың дұрыс таңдаған тәсілінің арқасында оның енесімен қарым-қатынасы түзеліп, олар бір-бірі үшін ең жақын құрбыға айналады.

Басты кейіпкерлер орынды әзіл-сықақ арқылы көрермендерге отбасылық-тұрмыстық проблемаларды сәтті жеткізе алды. Мұндай қиын «сәттердің» алдын алып, уақтылы дұрыс шешім қабылдамаса, ұрыс-керістің де ауылы алыс емес қой. Телехикая кейіпкерлері бақытты отбасы болудың жолдарымен бөліседі: «Бақыт кілті өз қолыңда». 

Телехикаяда көрермендердің сүйікті актерлеріне айналып үлгерген Жұлдызай Дүйсенбиева (енесі), Әбунасыр Серіков (атасы), Аягөз Оразғалиева (келін), Сұлтан Кеңшілік (Айнұрдың жұбайы) сияқты әйгілі актерлер ойнайды.

Қапы қалмаңыздар! 19 сәуірден бастап дүйсенбі мен бейсенбі аралығында күн сайын, кешкі 20.45-те «Алматы» телеарнасында «Айнұрдың Арманы» атты телехикая.

Новости партнеров