Қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Осыған орай көпшіліктің көкейінде ораза ұстауға қатысты сұрақ көбейген. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы отандық БАҚ-қа сұхбат беріп, көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv «Айқын» басылымына сілтеме жасай отырып.
Бас мүфти алдымен карантинге байланысты бірнеше сұрақтың балама шешімі ұйымдастырылып қойғанын жеткізді. Соның бірі – пітір садақасы. ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен, биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Наурызбай қажы Тағанұлы пітір садақаны тұрғындардың онлайн төлем арқылы бере алатынын айтты.
«Банк қызметкерлерімен кеңесіп, келісімшартқа қол қойдық. Онлайн садақа ұйымдастырылады. Жалпы, 20 шотымыз бар. Өңірлерде – 16 шот. Қазақстан аумағында тұрып жатқан тұрғындарымыз кім қай жерге пітір-садақасын бергісі келеді, өз таңдауын жасайды», – деді Бас мүфти.
Пітір садақа жағдайы төмен, мұқтаж адамдарға берілуі керек. ҚМДБ оны шариғатқа сай жұмсайтынын айтты.
«Карантин кезінде иммунитеті әлсіз адамның ораза ұстауына бола ма?» Осы сұрақ қазір біраз адамның көкейінде жүргені жасырын емес. Бас мүфти осы орайда ораза Құдайдың бұйрығы екенін айтып өтті, яғни жағдайы келген адамға отыз күн ораза ұстау – парыз. «Алла Тағала аяттың жалғасында «сапарда болсаңыздар, ауырып қалсаңыздар, оны басқа күндерде толықтырыңыздар» дейді. Яғни денсаулығыңыз дұрыс болғанда толықтырыңыздар дейді. Денсаулығы мүлдем ораза ұстауға жарамайтын, созылмалы дерті бар адамдар фидия садақасын берсін. Мұқтаж адамдарға көмектессін. Егер оған да шамасы келмесе Аллаға тәуба етіп, дұға етсін дейді. Егер карантин кезінде адамның денсаулығына нұқсан келетін болса, ол адам басқа кезде оразасын толық ұстауына болады», – Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти сонымен қатар биылғы Рамазан айында кейбір діни жоралғылардың орындалмайтынын, яғни тарауық намазы әдеттегідей жамағатпен оқылмайтынын, көпшілік үшін аузашар берілмейтінін айтты.