«Қабырғасы қақырап, табалдырығы тозған тұрғын үйде тұрып жатқанымыз аздай, шатырдан су ағады. Оған қоса, кәріздің қалдығы жертөленің астын толтырып, қолаңса иіске шыдап келе жатқанымыз тағы бар. Мектепте оқитын балаларымыз бір сыныпта 40 оқушыдан оқуға мәжбүр. Ал балақайлар үйде болғанда сыртқа шығып ойнайтын жөнді ойын алаңқайы да жоқ». Алматының Әуезов ауданы тұрғындары арнамызға хабарласып жан айқайын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуелі, пәтер иелері кооперативіне ай сайын тұрғын үйді күтіп ұстауға қып-қызыл қаражат төлесек те, жыртығымызды жамап жатқан мекеме жоқ дейді олар. Айтуларынша, шатырдан су ағып, кәріз жүйесінен аққан қалдық қолқаңды қабады. Бұл мәселеге қатысты бірнеше рет шағым жазғандарымен нәтиже нөлге тең.
«Әкім мырза, біз Саин көшесі 8 үйде тұрамыз. Үйіміз 1972 жылдан бастап бір де бір рет жөндеу көрген жоқ. Шатырды өзіміз жасатқанбыз. Бәрібір сол қалпы су ағады. Ал ақша төлеп жатырмыз. Не үшін? Жертөле өз алдына шіріп жатыр», – деді аудан тұрғыны Гүлбаһар МЕҢДІБАЕВА.
«2012 жылдан бері осы үйде тұрамыз. Сол кезден бері жертөленің іші лас суға толады да жатады. Иіс деген сұмдық. Сол ауамен біздің балалар дем алып жүр. Бір ғимаратта 100 отбасы тұрады. Әр жанұяда кем дегенде 2-3 бала бар. Пәтер иелері кооперативіне сан мәрте өтініш жазғанбыз. Бірақ нәтиже жоқ», – деді келесі бір тұрғын Клара ЕСБОСЫНОВА.
Бұдан бөлек, таугүлдіктердің де базынасы жетіп артылады. Орталық кәріз жүйесіне қосамыз деп, қопарылған жердің үш жылдан бері тегістелер түрі жоқ. Оған қоса, көшеде тәртіптің жоқты аздай, тұрғындар учаскелік полиция қызметкерінің бет-жүзін бір рет те көрмеген екен.
«Одан кейін көшеде тәртіп жоқ. Барлық жерде той. Түнгі сағат 2-3-ке дейін дүрс-дүрс етіп түнгі ұйқымыздан қашырады. Учаскелік полиция деген мүлдем жоқ. Түрін де көрген емеспіз. Бір жағдай болса, хабарласуға телефонын да білмейміз. Осы жерде 5-6 үй екі реттен, үш реттен ұрланды. Ешқандай оған қолданып жатқан шара жоқ», – деді Сақыбай ТЫНЫМБАЕВ.
Дәл осы ықшамауданда, балаларға арналған ойын алаңқайы атымен жоқ. Баласы сыртқа ойнауға шықса, жанын шүберекке түйіп отыратын ата-ана алаңдап жүрегіміз шайылып бітті дейді. Ал «Мамыр» ықшамауданындағы бір мектепке баратын балалар сыныпта 40 оқушыдан білім алуға мәжбүр екен.
«Таугүл-3» ықшамауданында тұрамын. Бізде бірде бір балалар ойнайтын алаң жоқ. Балаларымызды қай жерге ойнатарымызды білмейміз. Былай шықса, көшеге машина қағып кете ме деп қорқамыз», – дейді Жанар САТЫБАЛДИЕВА.
«1 сыныпта 40 адам отырған сыныпқа мен баламды бергім келмейді. Бірақ бермеске амал жоқ. Бізде халық тығыз орналасқан. Жалғыз ғана мектеп бар. Екінші мектептің қашан бітетіні белгісіз. Тіпті, екі мектептің өзі бізге аздық етеді», – деді Эльмира ЖҮНІСОВА.
Бұл сауалдарға бүгін сағат 20:00-де Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев тікелей эфирде «Акимат лайф» бағдарламасында жауап береді. Қала тұрғындары өздерін мазалаған сауалдарын Алматы арнасының инстаграм, Твиттер, фейсбук және ю туб әлеуметтік парақшасына қалдара алады.
Әйгерім Ердәулетқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы