Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде Бақытжан Сағынтаев шенеуніктерге тұрғындардың мәселесін тезірек шешуді тапсырды

Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде Бақытжан Сағынтаев шенеуніктерге тұрғындардың мәселесін тезірек шешуді тапсырды
Алматы әкімі бағдаршам орнатуды жеделдетуді талап етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шешілмейтін түйін жоқ. Алматы әкімі басқарма басшыларын қашқақтай бермей, мәселені қолдан келсе, тез арада шешуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қала басшысы бағдаршам орнатудың өзіне жарты жыл уақыт жұмсайтындарды қатаң сынға алды. Сондай-ақ, медициналық пункттің құрылысын созбай, ерте бітіру керектігін қадап айтты. Бүгін Түрксіб ауданына төртінші рет ат басын бұрған қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуге 300-ден астам адам келді. Олар түрлі саладағы 130-дан астам сұрақ қойды.

Жаңа қызметке кіріскен күннен бастап қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын Түрксіб ауданынан бастаған еді. Біраз нысанға бас сұғып, көшеде халықпен ашық сөйлескен болатын. Алматыда алғаш құрылған көне аудандардың бірі саналатын онда шешілмеген мәселе көп. Бүгін алып шаһар басшысымен жүздесуге халық көп жиналды. Дәстүр бойынша алдымен аудан әкімі Павел Кулагин өткенді қорытындылап, атқарылған жұмысты жіпке тізді. Бастысы, қыстың көзі қырауда көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар жылы үйде отыр. Түрксібте 17 көпбалалы отбасы 50 пайыздық жеңілдікпен, ал аз қамтылған 23 жанұя кәсіпкерлер арқасында көгілдір отынға тегін қосылды.

- Әлі газ қосылмаған қанша тұрмысы төмен отбасы қалды?

- Жыл соңына дейін тағы 5-ін жоспарлап отырмыз.

- Жоқ, жалпы барлығы қанша отбасы қалды?

- Бес.

-Не үшін сұрап отырмын, қала бойынша 300-ге жуық аз қамтылған отбасы бар, біз соның барлығына да қала есебінен газ қосып береміз деп шештік.

Бұл – Бақытжан Сағынтаев пен Түрксіб ауданы әкімі арасында өрбіген диалог. Павел Кулагиннен газбен қамту жайының есебін сұраған шаһар басшысы қала жұртшылығы үшін сүйінші хабар жеткізді.  

Айта кету керек, жаз айындағы кездесуде халық қала басшысынан «Нұршашқан» елдімекенінде медициналық пункт салып беруді сұраған еді. Ал қаладағы тиісті басқарма тек құжаттардың өзін дайындау келесі жылға жоспарланып отырғанын жеткізді. Мұны естіген қала басшысы дүйім елге медициналық көмек сапалы көрсетілуі үшін жұмысты тез арада қолға алуды тапсырды.

«Төртінші тоқсан деген жауап көңілді көншітпейді. Тым кеш. «Нұршашқанға» шағын ғана медпункт салуды төртінші тоқсанда бастамай, тапсыруға да болады ғой», - деді әкім.

«Жарайды, тездетеміз», - деді тиісті мекеме.

- Міне, бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша, осындай хаттамалық тапсырма беремін. Жыл соңында тапсыруымыз шарт! Бұл жаңа медпункт.

- Жарайды, қабылданды.

Ал қаладағы бас-аяғы 1080 ескі үйдің тура тең жартысы Түрксіб ауданында орналасқан. «Ескі үйлерді сүру» бағдарламасы аясында Сауранбаев, Спартак, Чернышевский және Ақынов көшелерінің квадратында 62 пәтерлі үй салынады. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуықтайды. Құрылыс 2020 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Алматы әкімі халықты бір үйдің баласында тату болуға үндеді.

«Қаладағы ескі үйлердің басым бөлігі Түрксіб ауданында орналасқан. Арнайы қабылданған бағдарламамызды қарқынды жүзеге асыру үшін тұрғындардың өзінің көмегі қажет. Олар ұйымшыл болса, мәселе тез шешіледі. Мәселен, егер бір пәтердің иесі қарсылық білдірсе, жұмыс тоқтап қалады. Қала әкімдігі инвестор тауып, құрылысты бастап кеткіміз келеді. Дегенмен, жұмысты бөгейтін жәйттер кездеседі. Біз бағдарламаның іске қосылып, халықтың жаңа баспанаға көшуін қалаймыз. Алматы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы уақытша тұрғындарды көшіру мәселемен айналысады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Оған қоса, бір бағдаршам салу үшін бума-бума қағаз жинап, құжат жасау үшін кем дегенде жарты жыл жұмсайтын басшыларды әкім қатаң сынға алды. Сөзінше, осындайдан мәселелер қордаланып кетеді. Енді қажетті жерлердегі жол реттеуші қаңтар айында қойылатын болады. Бұл жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды деді қала әкімі.

«Бағдаршам орнату. Оған не кедергі? Бір ғана бағдаршам орнатудың несі қиын? Әлі күнге қоймағандарыңыз не? Бір бағдаршам қою сонша қиын емес қой. Айналдырған бір бағдаршамды қою үшін жарты жылдап жүреміз, ұят тіпті. Түкке тұрмайтын нәрсе. Мәселені тез шешіп, үлкен және жүйелі істерге жұмылу үшін баршаңызда соны орындауға құлық болу керек», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Түрксіб ауданы тұрғындарының басым бөлігін алаңдатқан мәселенің бірі – қоғамдық көлік жағдайы. Алматы әкімдігі барлық бағыттарды жүз пайыз қамтамасыз ету үшін қалаға шамамен 1000 автобус қажет деп отыр. Қазір шаһар тасымалдаушылары ай сайын автопарктерді жаңартып жатыр. Жолаушылар жайлылығы үшін жаңа қоғамдық көліктерді сатып алу қолға алынған.

«Біздегі №27 автобус көбінесе жолдың соңына дейін бармайды. Қазір «Қазынаға» дейін ғана барады. Ал, бізде жас тұрғындар көп қой. Баламен,  арбамен жүреді», - деді бір тұрғын.

- Созу керек пе? – деді әкім сұрақты нақтылап.

- Аялдаманы созу керек.

-Жақсы.

Аудан тұрғындары мектептердегі орын тапшылығы, мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігі және спорт, ойын алаңдарының аздығын айтып қала әкіміне шағымданды. Белгілі болғандай, соңғы жылдары Түрксібте 68 спорт және 49 футбол алаңы салынды. Оның 24-і биыл салынған.

"Біздің «Жас қанат» ықшамауданы өзі жақында ашылғанымен, мектебіміз де салынып жатыр. Бізде 1200 оқушыға арналған мектеп бар. Ауданымыз жақсы болғанымен, көбіне 5 қабатты үйлер салынған. Жақында 9 қабатты 87 үй салынғалы жатыр. Жекеменшік сектор тағы бар. Балаларымыз мектепке сыймай жатыр. Біздің мектепке жапсарлас ғимарат салып беріңізші", - деді тағы бір тұрғын.

Халықаралық әуежайдың мәдениет үйінде өткен кездесу 3 сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында 54 тұрғын 130-дан астам сұрақ қойды. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен қойылған сауалдардың барлығы шешімін табады. Жедел сұрақтар қысқа мерзімде шешілсе, жүйелілерін ретке келтіруге уақыт қажет. Алдағы уақытта қала әкімі Медеу, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында халықпен кездеседі.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров