Еліміздің 8 өңіріндегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс режимі күшейтілді, деп хабарлайды Almty.tv тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Шетелдіктердің Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жаппай келуіне байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астана, Алматы қаласы, сондай-ақ Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарындағы ХҚКО-да клиенттерді күшейтілген режимде қабылдау туралы шешім шығарды», - делінген корпорация таратқан хабарламада.
Мәлім етілгендей, күшейтілген жұмыс режиміне көшу Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алушылар кезегін азайтуы тиіс.
«Шетел азаматтары күшейтілген режимге көшкен 8 өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, қажетті қызметті ала алады. ЖСН алу үшін шетел азаматтарынан жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі. Ал қызметті алушының ресми өкілі жүгінген жағдайда, нотариалды куәландырылған сенімхат және өтініші қажет болады. Шетелдіктер үшін ЖСН куәлігін беру мерзімі – 1 жұмыс күні. Қазақстанда ЖСН алу барлығына тегін», - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ мемлекеттік корпорацияның дерегінше, жоғарыда аталған 8 өңірден басқа аймақтардағы ХҚКО жұмыс уақытында өзгеріс жоқ.
Күшейтілген жұмыс режиміне көшкен 8 өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мекенжайы:
• Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Құлагер ш/а, Серіков к-сі, 6А;
• Астана қаласы, Сауран к-сі, 7;
• Павлодар қаласы, Павлов к-сі, 48;
• Орал қаласы, Жамбыл көшесі, 81/2;
• Қостанай қаласы, Гашек к-сі, 14;
• Петропавл қаласы, Әуезов к-сі, 157;
• Көкшетау қаласы, Әуезов к-сі, 189а;
• Ақтөбе қаласы, Саңқыбай батыр даңғылы, 249.