|
15.08.2024 | 16:07
333

Елге жасалған қастандық: Мәжіліс депутаты «Қошқар ата» көлін көму жұмысына қатысты пікірін айтты

Мамандар аймақта 52 млн тоннаға жуық радиоактивті қалдық барын айтты

Елге жасалған қастандық: Мәжіліс депутаты «Қошқар ата» көлін көму жұмысына қатысты пікірін айтты Almaty.tv

Маңғыстаудағы «Қошқар ата» көлін құммен көму жұмыстары тұралап тұр. Радиацияға толы орынды тазарту төртінші рет белгісіз себеппен кейінге шегерілді. Аталған мәселеге ақжағалылар да алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасы – экологиялық тұрғыда өңірдегі ең қауіпті орын. Мамандар аймақта 105 млн тоннадан астам түрлі қоқыс, соның ішінде 52 млн тоннаға жуық радиоактивті қалдық барын айтты. Жоспар бойынша бұл жерге рекультивациялау жұмыстары жүргізілуі керек. Бірақ белгісіз себептермен жұмыс 4 рет аяқсыз қалған. Ал Мәжіліс депутаттары улы көлдің халық денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқанын алға тартты.  

– Президент «2024 жылдың аяғына дейін «Қошқар ата» қалдық қоймасын көму жұмысы аяқталуы тиіс» деген тапсырма берген. Бірақ орындалмады. Бұл елге, халыққа, жұртқа жасалған қастандық деп есептеймін. Қыркүйектен бастап жұмысқа шығамыз, әрі қарай тексереміз,  – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев.

Жұмыстың түсініксіз себептермен тоқтап қалуы мердігер мекемеге де кесірін тигізіп тұр. Компания өкілі «шығын шықты, әлі күнге дейін өтелген жоқ» дейді. Қауіпті аумақ ғалымдармен зерттелген, залалы орасан екені де тайға таңба басқандай анық айтылған. Алайда тапсырыс беруші қоршаған ортаны басқару департаменті атынан жасалған жұмыстан проблемаларды тауып, тоқтатып қойып отыр.

– Осы мәселе бойынша жиналыстан шықтық. Біз жұмысты жүргізгеннен кейін қаржылай жағынан шығынға ұшырадық. Енді атқарылған істің ақысын күтумен жүрміз. Бүгінге дейін 5 млрд теңгелік  жұмыстың құжаты бар. Авторлық және техникалық қадағалау орындары қол қойды. Автор тарапынан да, техникалық қадағалау тарапынан да ресми шағым жоқ, – деді мердігер мекеменің өкілі Ғалымжан Оспанқұлов.

Жұмыстың тоқтауына жергілікті мәслихат депутаттарының талап-арызы себеп болғаны белгілі болды. Біріншіден, жоба құнының 3 есеге қымбаттауы халық қалаулыларының наразылығын туғызған. Екіншіден, радиациялық аумақтарды көміп жатқан құмның талапқа сай емес екендігі анықталған. Енді рекультивациялаудың қашан басталатыны белгісіз.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Өрт қауіпсіздігі: төтеншеліктер 4 адамға айыппұл салды









Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир