Ертең бүкіләлемдік тазалық күні. Оның үстіне 19 қыркүйек ару қала Алматы күні. Соған байланысты алматылық табиғат жанашырлары бүгін қала тұрғындарымен бірге жылдағы дәстүрден жаңылмай, жаһандық акцияны бастап кетті. Жыл сайын дәл осы күні миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Әуезов ауданының тұрғындары сенбінің таңын сергек бастады. Сайран су қоймасының маңына жиналған 100-ден астам белсенді топ-топқа бөлініп, жағалауды қоқыстан тазартты.
«Мақсаты - Әуезов ауданы және қаланың тазалығын сақтау. Бізде бұл жұмыс әр 2-3 апта сайын жалғасады», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мирас Дәуренұлы.
Медеу және Түрксіб аудандары да бұл шараға белсене қатысты. Жергілікті әкімдік өкілдері бастап, қала белсенділері қоштап Жарбұлақ өзені мен Баум тоғай демалыс орталығында тазарту жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар әр қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс дегенді алға тартты.
«Бүкіләлемдік тазалық күнін біз де қолдаймыз. Алайда біздің нағыз мереке Қала күні болғандықтан, шаһар тұрғындары акцияға белсене қатысуда. Табиғатты аялау арқылы қоршаған ортаға пайдамызды тигіземіз», – деді ұйымдастырушы Тимур Елеусізов.
«Бүгінгі тазалық жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Мердігер ұйымның атынан 10 бірлік техника, 35 адам жұмылдырылды», – деді Медеу аудандық Көріктендіру бөлімінің бас маманы Елдос Тұрғанбек.
Айта кетейік, бүкіләлемдік тазалық күнін өткізу осыдан 13 жыл бұрын Эстонияда басталған. Ал, Қазақстан соңғы 4 жылдан бері дүниежүзілік акцияға белсене қатысып келеді.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы