Атаулы әлеуметтік көмек құжаттарын онлайн форматта рәсімдеушілер саны көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан көмек алуға құқылы отбасылар «Электронды үкімет» арқылы өтініш қалдыра отырып, жаңа тоқсанда жәрдемақы алушылар қатарына ілінді. Қабылданған онлайн өтінімдердің нәтижесі қандай? Пандемия жағдайында әлеуметтік көмек алу жүйесінде енгізілген жаңашылдықтар турасында Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру онлайн форматта жүріп жатыр. Енді аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасылар құжаттарын қашықтан тапсыра алады. Ол үшін өтініш берушілердің электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Өтінімдер тексеріліп, әлеуметтік әлсіз топ екендігі дәлелденсе, мемлекет өз қамқорлығына алады.
«Қазіргі таңда электронды үкімет порталы арқылы 98 адам өтінім берді. Оның 95-і өтініш қабылданды . 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап, электронды үкімет порталы арқылы тапсырып жатыр. Ол тапсыру үшін тек қана ЭЦҚ кілт болса жеткілікті. Сонымен 15 күннің ішінде қабылданып, кері жауап қайтарылатын болады», – деді Жетісу аудандық жұмыспен қамту орталығы бөлімінің маманы Арман Амантай.
Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың бірі Айгүл Нуаразбекқызы жалдамалы пәтерде тұрады. Кенже ұлының сырқаты асқынғалы үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана жұмысын тастауға мәжбүр болған. Отбасылық жалғыз кіріс көзі қазір мемлекеттің жәрдемақысы болып тұр. Ал, оған құжаттарды рәсімдеу онлайн форматқа өткелі көп қиындықтардан құтылғанын айтады.
«Қазіргі уақытта мына мемлекеттік көмек онлайн форматта өтіп жатыр ғой, ол өте тиімді. Аналар деген жол жүргенге ақша құртпайды. Үйде отырған оңай, әрі тиімді», – деді жалғызбасты ана Айгүл Күрдекбаева.
Көпбалалы аналарға ақшалай көрсетілетін көмек мөлшері отбасыдағы бала санына қарай тағайындалады. Айта кетсек, кәмелет жасынан аспаған төрт баласы бар отбасы көпбалалылар қатарына енеді.
«Мен бес баланың анасымын. Бір жарым жылдай болды мемлекеттен осындай атаулы көмек алып жатқанымызға. Қазір 36 мың теңге көлемінде көмек аламыз», – деді көпбалалы ана Айгүл Кемалшанова.
Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда жауапты мамандар азаматтарға қосымша құжаттар жинататын. Ендігіде өтініш берушілер кезекте тұрмай-ақ қағазбастылықтан арылды. Өз өтінімдерін Egov.kz сайты арқылы тіркеп, көмек алуға құқылы болады дейді жауапты мамандар.
Сая Мендеке, Оразай Нұртай, Ұлбала Өтебаева, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы