Павлодарда құндақтағы сәбидің анасы есірткі пайдаланады деген күдікпен ата-ана құқығынан айырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
30 жастағы әйелдің үйіндегі санитарлық норманың мүлдем сақталмауы және нәрестенің өмір сүруіне жағдайдың жоқтығы осындай шешім шығаруға түрткі болды.
Айта кетсек, осыдан 2 күн бұрын жергілікті полицияға қаладағы Короленко көшесінің тұрғындары хабарласып, жақында балалы болған көршілерінің есірткі қолданатынын айтқан. Бүгінде азаматшаға қатысты материал Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді. Онда ата-ана құқығын шектеу мәселесі қаралмақ.
«Тексеру кезінде антисанитарлық пәтерде заттар шашылып жатқан, кішкентай баланың өмір сүруіне жағдай болмаған. Көршілердің айтуынша, 30 жастағы ана есірткі пайдаланады, баланы тәрбиелеумен айналыспайды. Нәрестенің үсті-басы кір, күтімсіз, аш болған. Сондықтан құндақтағы сәби балалар үйіне орналастырылды», – деді облыстық ПД ресми өкілі Жанна Белялова.