Алматыдағы компанияларға студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция салу ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматылық кәсіпкерлерге алдағы 8 жылға мемлекеттік тапсырыс орнына студенттер жатақханасын салу ұсынылады. Бұл ұсынысты ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында айтты.
Механизмге сәйкес ЖОО, колледж немесе жеке кәсіпкер студенттік жатақхана үшін ғимарат салып, қайта құра алады және объект пайдалануға берілгеннен кейін өтемақы ала алады. 2022 жылы еліміз бойынша 11 057 орынды 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Алпамыс Сатыбалдин кез келген әлеуметтік нысанның құрылысы табысты, тұрақты ғана емес, сондай-ақ перспективалы бизнес-жоба екенін атап өтті.
Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты студенттің тұру фактісі болып табылады. Яғни жан басына қаржыландыру қағидаты жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, барлық ұйымдарда орналастырылады.
Бір студентке мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері: құрылыс кезінде 122 АЕК (Алматы қаласында – 144 АЕК), қайта жаңарту кезінде - 47 АЕК (Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 92 АЕК) құрайды. Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең түзету коэффициентін ескере отырып төленеді. Мысалы, іс жүзінде 100 адам тұрады, төлемдер 200 адамға төленеді, бірақ жатақхананың жобалық қуатынан аспайды. Осы мақсатта республикалық бюджетте 152 млрд теңге қарастырылған.
«Мемлекеттен төлеу мерзімі өткеннен кейін объект құрылыс салушының меншігінде қалады. Объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге ауыртпалықты 20 жыл мерзімге тіркеу жалғыз шарт болады. Бұл жобаға қатысу – бұл бизнес үшін инвестициялар тұрғысынан тиімді ұсыныс қана емес, сонымен қатар отандық білім беру деңгейін жақсартуға өз үлесін қосу мүмкіндігі», - деп хабарлады спикер.
Алпамыс Сатыбалдин атаған тағы бір артықшылық-мемлекеттік тапсырысты орналастырумен қатар меншік иесінің қосымша табыс көздері де болады. Осылайша, студенттердің тұру үшін ай сайынғы төлем мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және белгілі бір аймақтың тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады.
Сондай-ақ, кәсіпкер тұрмыстық қызмет көрсету үшін коммерциялық алаңдар жасай алады, олардың негізгі тұтынушылары тұрғындар болады (асхана, шаштараз, тренажер залы және тағы басқалар).
Бүгінде аралық нәтижелер бар – 30 630 орынды 124 жатақхана пайдалануға берілді