Президент Жарлығымен бірқатар әскери қызметшілерге шен берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет екенін атап өтті. Бірақ ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін кез-келген әрекетке тойтарыс бере алатынымызды жеткізді.
«Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.
«Осы әскери шенді алғаныма өте қатты қуаныштымын. Бұл тек менің ғана емес, ұжымымның да еңбегі деп ойлаймын. Елбасымызға, Жоғары Қолбасшымызға алғысымды білдіремін. Қазақстанымыз көркейіп, жоғары деңгейлерге жете берсін! Әрқашан елімізді тыныштық пен бақыт болсын», – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының штаб басшысы Қуанышбек Үштаев.