40 млн теңге: Шымкенттіктер қайтарымсыз грант аламыз деп алаяқтарға алданып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Кей мәліметтер бойынша алданған адамдардың саны 300-ге жуықтауы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайтарымсыз қаржының қайырымы бар ма? Шымкентте мемлекеттен қайтарымсыз грант аламыз деп, алданып қалған бір топ адам базынасын айтып жиналды. Айтуларынша, танысы жеңіл ақшаға қарық қыламын деп уәде беріп, сан соқтырып кеткен. Тіпті өзі жұмыс істеймін деген жерінде ешқашан қызмет атқармаған екен. Оңай олжаға кенелемін деп опық жегендермен  Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.

Шымкентте алаяққа алданып, сан соғып қалған жиырма шақты азаматша шағым айтты. Олар мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деген танысының сөзіне сеніп, қолындағы бар қаржысын ұсынғаны аздай, үстіне бірнеше миллион несие алып берген екен. Осылайша, оңай олжаға кенелемін деп оңбай опық жедік деп отыр.

«Әлімқұлова Айнұрға 4 700 мың беріп алданып отырмын. Маған былтыр 90 мың бергенде, 583 мың шығарып берген болатын. Айнұр жұмыспен қамту орталығында істейді. Енді тағы 90 күннің ішінде шығарып беремін деген соң мен сеніп қалдым. Ең аз бергеніміз – 90 мың, ең көп бергеніміз – 12 миллион теңге», – деді жәбірленуші Аида Айнұрова.

Ақшаңды еселеп беремін деген танысы жиналған қаражаттың бәрін жұмыспен қамту орталығының есепшісіне бердім деп ақталыпты. Ал өзі қазір декреттік демалыс алып, ізім-ғайым жоқ болған. Жиналғандар аудандық полиция бөліміне арыз-шағым түсіргенімізге біршама уақыт болды, іс әлі қаралып жатқан жоқ дегенді алға тартады.

Азаматтардың шағымы қаралмаған соң, жәбірленушілер заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары 3 күннің ішінде жазылған арызға жауап қатып, түсініктеме беруі тиіс.

«Тергеушілердің келген уақытында 3 күн арыз қабылдамаған сәттері де болған. Бізге өтінім берген жәбірленушілердің арасында қатарынан 3 күн келгендері бар. Бірінші күні жұмыста емес екенін, сол себепті қабылдай алмайтынын айтқан. Екінші күні кездесу уақытын өзгерткен. Ол уақытта да қабылдамаған. Үшінші күні нақты жіберген қаражатыңыздың скринын алып келуі керектігін айтқан. Бірақ заң бойынша ең алдымен арыз қабылданып алынады, одан кейін беттестіру, түсініктеменің барысында керекті дәлелдерді қабылдап ала беруге болады», – дейді заңгер Гүлизат Сейдазова.

Жұрт шулаған соң, тергеу бөлімінің бастығы жәбірленушілерді басуға тырысты. Оның айтуынша, қылмыстық іс қозғалыпты.

«Қазіргі таңда Қаратау ауданында алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірнеше жәбірленуші бар. Тергеу амалдары толық көлемде жүргізіліп жатыр», – деді Қаратау АПБ тергеу бөлімінің бастығы Серік Асарқұлов.

Жәбірленушілер ақша алды деген Айнұр Әлімқұлова және оның есепшісі туралы білмекке жұмыспен қамту орталығына бардық. Қызық болғанда олардың айтулы мекемеде ешқашан қызмет етпегені белгілі болды.

«Қаратау АПБ Әлімқұлова Айнұр деген әйел ақша алды деп, әйелдер жинап жатыр екен. Бірақ біздің жұмыспен қамту орталығында Әлімқұлова Айнұр деген әйел жұмыс істемеген, ондай әйел мүлде болмаған. Біздің есеп бөлімінде Наргиза есімді адам да жұмыс істемеген», – деді Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Шағдат Әсет.

Кей мәліметтер бойынша алданған адамдардың саны 300-ге жуықтауы мүмкін. Жәбірленушілер енді кінәліні анықтап, тезірек қаржымызды қайтарсақ дейді.


Новости партнеров