Қазақстанда Ресейден әкелінетін астық «сұр» схемаларда жиі қолданылған. Ол туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, көрші елде астықтың құны әлдеқайда төмен. Сол себепті қазақстандық экспорттаушылар Ресейден бидай сатып алуға тырысады. Осындай тәуекелді болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қосылған құн салығын жеңілдікпен қайтару бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
«Экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару тексерусіз және айыппұл санкцияларын қолданбай жүргізілетін болады. Заң жүзінде мұндай мүмкіндік қарастырылған. 2019-2021 жылдар аралығында біз астық экспорттаушыларға 127 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтардық. Жобаға астық нарығында қызмет ететін 20 салық төлеуші, оның ішінде жеті экспорттаушы және астық өнімдерін өндіретін 13 тікелей жеткізуші қатысады», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.