Қазақстанның сот процесі жақын арада 100 пайыз офлайн форматқа көшпейді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Айдос Садуақасов жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты сот процесін офлайн өткізу қауіпті болмақ. Себебі мұндай мекемелер адамдардың ең көп жиналатын орны болып саналады.
«Бірақ бұл мәселе біздің басшылық тарапынан қаралып жатыр. Тиісті министрліктің келісімінен кейін біз нәтижесін хабарлайтын боламыз. Осы жерде түсіндіре кететін нәрсе, сауда орталықтарымен немесе басқа да әкімшілік органдардың жұмысымен сот процестерін салыстыруға болмайды. Неге? Себебі басқа органдар да бір басшы ауырып қалған жағдайда, оны екінші салалық басқармадағы басшылық ауыстыра алады. Ал бізде адамның тағдырына қатысты том-том істерді қараған кезде оған өзі ғана жауап бере алады. Басқа судья оны ауыстыра алмайды», – деді ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Айдос Садуақасов.