Жыл басынан бері 296 мың адам жұмыспен қамтылды

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Оның ішінде 163 мың адам (55%) тұрақты жұмысқа орналасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі министрліктің сайтына сілтеме жасап.

Сөзінің басында Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттырудың негізгі шарты – сапалы жұмыс орындары екенін атап өтті.

«Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 163 мың адам (55%) тұрақты жұмыспен қамтылды. 153 мың адам жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға орналасса, 122 мың азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында жұмыспен қамтылды. Ал 6,9%-ы ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасты», – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі цифрлық технологиялар азаматтарды жұмысқа орналастыруды ұйымдастырудың тиімді әрі ашық жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Жұмысқа орналастыру жөніндегі мәліметтердің дұрыстығы міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің мониторингі арқылы қамтамасыз етіледі. Мониторинг мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың тек 38%-да зейнетақы жарналары бар. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде және жұмыс берушілер ұсынған бос орындар бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 81 және 65%-ды құрайды», –  деді министр.

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова Мемлекет жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтарды ерікті түрде көшіру бойынша шараларды жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Бүгінгі күні жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 1 147 отбасы немесе 3,8 мың адам қоныс аударды. Қоныс аударғандардың ішінде 540 адам – шетелден келген қандастар.

«Өңірлер бөлінісінде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, Қарағанды және Ұлытау облыстары бұл көрсеткіш бойынша артта қалып келеді. Қоныс аударушылардың жартысына жуығы немесе 44%-ы - 29 жасқа дейінгі жастар», – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының Тұжырымдамасы әзірленгенін де атап өтті. Ол еліміздің экономикалық дамуындағы кадрмен қамту мәселесін қолдауға бағытталған.

Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова министрлік «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын табысты іске асыру бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Новости партнеров