Дезинфекция: Кең көлемді жұмысқа төрт жүзге жуық сарбаз бен арнайы техника тартылған

Стопкадр Almaty.tv
Стопкадр Almaty.tv
Алматы қаласында ауқымды дезинфекциялау жұмыстары жалғасып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында ауқымды дезинфекциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Алатау және Наурызбай аудандарында Алматы әскери гарнизонына қарасты биологиялық қорғаныс жасақтары көшелер, аулалар мен подъездерді залалсыздандырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Кең көлемді жұмысқа төрт жүзге жуық сарбаз бен арнайы техника тартылған.

Алматыда дезинфекциялық жұмыстар әр ауданда ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. Бүгін Алатау ауданына қарайтын көшелер мен жүргіншілер жолдары арнайы сұйықтықтармен шайылып шықты. Бұл жұмыстарды атқаруға биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің жеке құрамы мен қалалық әскери гарнизон қызметкерлері ат салысты.

«Бүгінде Алатау ауданындағы залалсыздандыру жұмыстарына арнайы 6 бірлік техника мен әскери жеке құрамның 360 сарбазы тартылды. Барлық әскери қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен қамтылған», – деді Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институты басшысының орынбасары Ержан УСМАНОВ.

«Біз Қазақстан Қарулы күштерінің қызметшілері осындай уақытта елімізге қызмет етуіміз керек. Атымызға лайық болуымыз керек. Біздің уақытымыз келді деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстан халқы біз сіздермен біргеміз!» – деді Алматы әскери гарнизонының әскери қызметкері Нұржан МҰХАМЕД.

Әскери қызмкеткерлер Райымбек даңғылынан бастап, Момышұлы көшесін жағалай жүріп, барлық уческелерді дезинфекциялап шықты. Көше жиегіндегі автотұрақтар мен балалар алаңдары да толық тазалаудан өтті. Осылайша Алатау ауданы бойынша бүгін 14 аумақ залалсыздандырылды.

«Бүгінгі күні жұмылдырылған 360 адам әскери қызметшілерден көмекке келді. Жалпы күнделікті 35 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 20 адаммен КСК тарапынан көпқабатты үйлердің аулалары, есіктері мен подъездерін тазалап жатыр. 10-15 адамнан құралған топ көшелерді тазартып жатыр», – деді Алатау аудандық көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсұт НҰРҒАЛИЕВ.

Ал Наурызбай ауданын дезинфекциялайтын мамандардың жұмысы үш кезеңге бөлінген. Бірінші күні олар 120 үйдің 156 кіреберісін және 51 ауланы тазалап шығады. Екінші күні Дәулеткерей, Айтматов көшелеріндегі жатақханаларға, Қалқаман сияқты шағын аудандарға дезинфекция жасайды. Ал үшінші күні Премьера, Шұғыла, Алма сити тұрғын үй кешендері залалсыздандырылады. Жалпы мұндай шараларға күнделікті 20 адам, үш бригадир мен үш көлік шығып отырады.

«Тұрғындарға ұнамайтын кездер болып қалады. Ондай жерлерді қайталап істейміз. Жалпы адамдардың назары жақсы. Жұмысымызға халықтың да көмегі тиіп жатыр. Дезинфекциядан кейін 3 сағат пен 5 сағаттың аралығында далаға шықпауы керек», – деді  Наурызбай ауданы бойынша дезинфекциялық жұмыстарға жауапты маман Нұрсұлтан БАТЫНОВ.

Жалпы қала бойынша жаппай дезинфекициялау жұмыстарына бір жарым мыңнан астам адам, жүздеген бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Назкен Еркін, Айдана Нұраш, Валерий Таубалдиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров