Алматылық кәсіпкерлерді МӘМС жүйесіндегі қызметкерлерді 25 қаңтарға дейін сақтандыруға шақырады

aqmolanews.kz
aqmolanews.kz
Өткен жылдың сәуір айында пандемияға байланысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылған ШОБ нысандарының тізімі бекітілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шағын және орта бизнес қызметкерлері МӘМС пакетінен медициналық көмек алуы үшін олардың жұмыс берушілері 2021 жылғы 25 қаңтарға дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жалдамалы қызметкерлер туралы ақпарат беруі тиіс. Бұл туралы «ӘМСҚ» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылдың сәуір айында пандемияға байланысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылған ШОБ нысандарының тізімі бекітілгені белгілі. Алғашында 1-қазанға дейін берілген жеңілдік Үкіметтің №721 қаулысы негізінде жыл соңына дейін тағы ұзартылған болатын. Осының негізінде пандемиядан зардап шеккен бизнес нысандары міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдерден де 9 айға босатылды.

Филиал директорының орынбасары Жанар Кенжебаеваның айтуынша, шағын және орта бизнес нысандары өз қызметкерлері туралы мәліметті 2020 жылдың шілдесінен бастап әр айдың 25-іне дейін тұрақты түрде жаңартып отыруы тиіс болатын.

«Жалпы, Алматы қаласы бойынша жыл соңына дейін МӘМС төлеуден босатылған шағын және орта бизнес субъектілері – 116 604, оның ішінде 60 259-ы 2020 жылдың ішінде деректерді өзектендірді. Осылайша, бірқатар кәсіпорындардың жалдамалы қызметкерлері МӘМС жүйесінен тыс қалады. Сондықтан жұмыс берушілерге ШОБ қызметкерлерінің сақтандырылу мәртебесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын түсіну және деректерді Қор сайтына енгізу маңызды», — деп түсіндірді Ж. Кенжебаева.

Қызметкерлерді сақтандыру үшін не істеу керек?

· Ол үшін жұмыс беруші msb.fms.kz сайтына кіреді

· Заңды тұлғаның немесе Жеке кәсіпкерлік нысанының ЭЦҚ көмегімен Қордың ақпараттық жүйесіне тіркеліп, пайдалану келісіміне қол қояды

· Арнайы ұяшыққа жұмыскерлердің ЖСН енгізеді (тізімді Excel форматындағы бір файл арқылы немесе әр қызметкерді жеке-жеке енгізуге болады).

Талап толық орындалған жағдайда қызметкерлердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі жарты сағатта расталады.

Салық және әлеуметтік төлемдер үшін «нөлдік» мөлшерлемені пайдаланатын ШОБ-тың 29 санатының толық тізімімен үкіметтің «Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» №224 Қаулысында танысуға болады.

Новости партнеров