«Наурыз-2021» ұлттық премиясын кім ұтып алды

Аталған сыйлық биыл республика деңгейінде тұңғыш рет тағайындалып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Наурыз-2021» ұлттық премиясын ұтып алды. Аталған сыйлық биыл республика деңгейінде тұңғыш рет тағайындалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

40 жылдық тарихы бар, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосып, қазақы өнерді дәріптеп жүрген ансамбльде тәжірибелі музыканттар да, жастар да өнер көрсетеді. Репертуарында 2000-ға жуық шығарма бар бұл өнер иелері алдағы уақытта әр дәстүрлі аспапқа арнайы концерт өткізуді жоспарлап отыр. 

«Әрине, біз үшін бұл үлкен мәртебе. «Сазген сазы» ансамблі 40 жылда 40-тан астам шет мемлекетте болып, қазақтың әнін, күйін, қазақтың ұлттық киімін, қазақтың көне аспаптарын дәріптеп,  таныстырып жүр әлі күнге дейін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов.

«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов.

Ал осы ансамбльде 15 жылдан бері еңбек ететін Салтанат Қалықова әрбір жетістікке жету үшін топтың көп еңбектенетінін айтады. Композициясы өте қиын туындыларды жоғары деңгейде орындау үшін әр музыкант жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ал мұндай марапаттар шығармашылық адамдарына үлкен күш береді дейді. 

«Жұмыс барысында әр музыканттың қосқан үлесі орасан зор. Мысалы, шығармашылық жағына келетін болсақ, бағдарлама жағына келетін болсақ, өте күрделі бізде. Тек бір бағытта ғана дайындалмаймыз. Әр музыканттарды осы номинация бойынша жеңіп алған жеңісімізбен құттықтағым келеді», – деді «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мүшесі Салтанат Қалықова.

Новости партнеров