Алматылықтарға өздері қалаған емханаларға тіркеліп алуына мүмкіндік берілмек. Науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жалғасады. Бұл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтерін тұрақты түрде алып отыруға тиімді болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, медицина мекемесін ауыстыруды бұрыннан ойлап жүргендер үшін де жақсы мүмкіндік. Науқан аясында тұрғындар өз ауданындағы емхана мен учаскелік дәрігерді еркін таңдай алады. Басқа ұйымға тіркелу үшін емхана бас дәрігерінің атына жазбаша түрде өтініш түсіру арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы жүгінуге болады. Мамандар халық неғұрлым жақын маңда орналасқан емханаларға тіркелсе соғұрлым карантин кезінде ыңғайлы әрі нәтижелі қызмет алуға болатынын айтады.
«Мұның бәрі дәрігерлердің үйге жасалатын қызметіне, оның ішінде жүкті және жаңа туған нәрестелердің патронажды қиындықтар болмауы үшін жасалады. Тіркелу кезінде балаларға да, ата-аналарға да бір емханада қызмет көрсетілетіні отбасылық қызмет принципіне басымдық береді. Бұрынғы емханадан тіркеуден шығару автоматты түрде жүзеге асырылады», – деді № 5 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Толқын Разинова.
Тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша жүзеге асырылады. Науқан кезінде тіркелген адамдар жаңа ұйымдағы медициналық қызметтерді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ала алады. Егер пациент ұсынған құжаттарда көрсетілген деректер анық болмаса, тұрғылықты жері әкімшілік аумақтан тыс болса, бір дәрігерге тіркелгендер саны белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда өтініші кері қайтарылады. Осы ретте тағы айта кетейік, Алматыда тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны 15 қыркүйекте басталады. Екпені 400 мыңнан астам адам ақысыз ала алады. Иммундау жұмыстары 15 қарашада аяқталады. Осы уақыт аралығында өз учаскелік дәрігеріңізге жүгініп, алдын ала жазылу арқылы вакцина алуыңызға болады.