Алматы қаласында 265 мыңға жуық адам санақтан онлайн өтті. Ал, науқанның негізгі кезеңіне көбіне жұмыссыз азаматтар мен зейнеткерлер тартылған. Мамандар болса, сауалнамадағы сұрақтар елдің даму жоспарын құруға септесетінін жеткізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қазақстанда 15 күн ішінде онлайн санақтан 2 миллион 886 мың 150 адам өткен. Алматы облысы – көш басында, Алматы қаласы – екінші орында, ал үштікті Жамбыл облысы аяқтап тұр. Алматылықтардың 86 пайызы sanaq.gov.kz платформасын пайдаланса, 10 пайызы egov.kz сайты көмегімен, қалған 4 пайызы Aitu мобильді қосымшасы арқылы сауалнамадан өткен. Алматының Әуезов, Алатау, Наурызбай аудандары санақтан өтуде белсенді. Депутаттар болса ел үшін маңызы зор бұл науқанға халықты жаппай атсалысуға шақырды.
«Пандемия кезінде сайт арқылы онлайн санақтан өткен өте тиімді. Халықты бұл науқанға бей-жай қарамауға шақырамын. sanaq.gov.kz сайты арқылы сұрақтарға жауап беру көп уақыт алмайды. Жастар егде жастағыларға көмектессе болғаны», – деді Қалалық Мәслихат депутаты Ерболат Қасымов.
Алматылықтарды санаудың негізгі кезеңіне 2 мың 416 сұқбат алушы, 345 нұсқаушы-контроллер және 37 комиссар тартылған. Санақ пункттеріне 146 ерікті жұмылдырылған. Ал, бірінші қазаннан бастап sanaq.gov.kz сайтында санақ алушыны табу мүмкіндігі қолжетімді болмақ. Куәлік нөміріне сәйкес олар жайлы ақпаратты тексеруге болады.
«Келесі жылы, 2022-2023 жылы 10 түрлі топтама жасалады. Ол халықтың білім деңгейі, ұлттық құрамы, жас жөнінен 2023 жылға дейін 386 түрлі кесте шығады. Жалпы айтқан кезде, 6 миллионнан астам көрсеткіш шығады. Аудан, облыс, республика бойынша, неше түрлі көп ақпараттар шығады», – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков.
Сондай-ақ, мамандар жиналған ақпараттың құпиялығы 100 пайыз қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ол тек елдің даму стратегиясын жоспарлауда ғана қолданылады. Алматылықтар болса, халық санағының ел үшін маңыздылығын жақсы түсінетіндігін айтты.
«Санақтың маңыздылығы – еліміздің экономикасы жағынан мәліметтер алу үшін өте маңызды болып табылады. Қазақстан Республикасы дамуы үшін еліміздің статистикасын білу өте маңызды», – деді қала тұрғыны Айғаным Мұсаева.
«Мектептерге, жаңағы, солардың бәріне есептеу қажет қой, сол үшін деп ойлаймын өзім», – деді қала тұрғыны Айдын Ахметов.
Айта кетейік, sanaq.gov.kz сайты 15-қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Ал, онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында санақ алушының сауалдарына жауап бере алады. Туындаған сұрақтар бойынша, 14 46 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.
Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы