Әлеуметтік желіде тамақ сататын дүңгіршектердің бірінде тышқан қаптап жүрген видео Көкжиек шағын ауданында орналасқан жеке жәрмеңкеде түсірілгені анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкімшінің сөзінше, дүңгіршекті қайтадан бұзып салу үшін 10 шақты күн бұрын жауып тастаған.
«Жалға алып отырған адам кетіп қалды. Дәл қазіргі сәтте жұмыс жасамайды. Жабылғанына 10-15 күн, бір аптадай уақыт болды. Бүгін-ертең бұл бутикті алып тастаймыз. Алдында дезинфекция жұмыстары жүрді. Құдай қаласа, екінші рет тағы жүргіземіз», – деді Көкжиек жәрмеңкесінің әкімгері Рүстем Сағымбеков.
Ал, санитария мамандары бұл бейнекөрініс осыдан бірнеше жыл бұрын түсіріліп, әлеуметтік желіге тарап кетуі мүмкін, дейді. Сондықтан қазір де бей-жай қарамай жәрмеңкеде тексеріс жұмыстарын жүргізіп, жағдайды анықтап жатыр.
«Мына дүңгіршек бойынша жәрмеңке басшысымен әңгімелесу жүргізілді. Жәрмеңке басшысының айтуы бойынша бұл дүңгіршек бір апта бойына жұмыс істемепті. Себебі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жаптық деп отыр. Мына әлеуметтік желіде тараған видео ескі деп отыр», – деді Жетісу ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Гүлмира Нұрпазилова.