Жеке куәлік және тағы басқа цифрлық құжаттар Kaspi және Halyk Bank мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
"Былтырғы жылдың соңынан бері "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, Kaspi және Halyk мамандарымен бірлесіп Цифрлық құжаттарды мобильді қосымшаларға шығару жұмысын атқарып жатырмыз. Бүгін осы мүмкіндік ресми түрде іске қосылады", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Министрдің мәліметінше, қазір 10 миллион қазақстандық тұрақты түрде Цифрлық құжаттар сервисін қолданады.
"Бұл өте ыңғайлы – өзіңмен бірге құжаттың түпнұсқасын алып жүру қажет емес. Бүгіннен бастап сервис Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларында қолжетімді. Себебі халық мемлекеттік қызметтерге біздің ғана емес, өздеріне ыңғайлы, күнделікті қолданатын арналары арқылы қол жеткізгенін қалаймыз", - деп атап өтті Мусин.
Бұл функционал азаматтың өз келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.