Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің өз дәрежесінде қолданылуы үшін көптеген істер атқарылып жатыр. Бірақ кейбір сала кәсіпкерлері сауатсыз жарнамалардан бас тартып, мемлекеттік тіл туралы заңды орындауға асығар емес. Бүгін «Тіл қорғаны» хабарының кезекті шығарылымы осы мәселені қаузайды. Алматыдағы ірі сауда орталықтары мен үкіметтік ұйымдардағы мемлекеттік тілдің ахуалына баға береді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, өз дәрежесінде қолданылуына әр азамат үлес қосуы тиіс. Алайда түсірілім тобы ат басын бұрған сауда ойын-сауық орталығының қызметкерлері бұл қағиданы білмейтін секілді. Өзге тілдерде өрнектелген жарнамалар, сауатсыз аудармалар, мемлекеттік тілде қызметтің ұсынылмауы. Қазіргі уақытта осындай олқылықтардың орын алуына білікті мамандардың аз болуы – басты себептің бірі дейді тіл жанашырлары.
«Қазақ тілінде жасауға қиналады да, орыс тіліндегі дайын нәрсені қазақ тілінің орнына қоя салған. Ол енді көзге ұрып көрініп тұр. Барлық салада, барлық жерде қазақ тілді мамандар жұмыс істеуі керек. Осы мәселелерді ескере отырып, мынау қызметке алынып жатқан қызметкердің қазақ тілін, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгеретініне үлкен мән беретін уақыт келді», – деді қалалық Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.
Ал, жас балалардың оқу құралдары көп, бірақ қажеттісін табу мұңға айналып тұр. Себебі қазақ тіліндегі дәптердің өзі сауатсыз жазылады дейді. Алайда қарапайым дәптерлердегі жазулардың өзге тілде беріліп, еш кедергісіз сатылуы – өскелең ұрпақтың санасын улауда дейді мамандар.
Оқиға болған жерден:
– Мен 1 қыркүйек немереме қазақ тілінде дәптер алайын деп, іздеп едім, мүлдем таба алмай қойдым. Ылғи орыс тілінде. Ал, енді соны алып қарасам, қайда келді десем, «Abdi» компаниясы Ресейге тапсырыс беріп, соны орыс тілінде жаздырып алып келген екен. Міне, сондай сұмдық! Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, қазақ тілінде біреуі жоқ. Балалардың миын осы құлдық санаға әкеліп жатыр.
Сондай-ақ, түсірілім тобы шаһардағы мемлекеттік мекемелерді де назардан тыс қалдырмай, ондағы тілдің ахуалына баға берді. Алайда үкіметтік ұйымдарда тіл туралы заң талаптары орындала ма? Ал, кәсіптік нысандарда жіберілген қателер қашан түзетілмек? Бүгін «Алматы» телеарнасында, сағат 20:40-та «Тіл қорғаны» хабарынан тамашалай алады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы