Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша әр тоқсан сайын 20 мыңға дейін ұйғарым шығарылады. «Отбасы мен ерлі-зайыптылардағы зорлық-зомбылықсыз қатынастар» жобасының үйлестірушісі Наталья Семененконың айтуынша, елде психологтардың қызметін реттейтін заңнамалық база қажет, деп хабарлайды Almaty.tv.
Себебі шетелдерде отбасылық жанжалдарды шешуде психологтардың рөлі орасан дейді. Бұл ретте АҚШ елшілігінің қолдауымен 250-ге жуық қазақстандық психолог арнайы жоба аясында халықаралық онлайн семинарға қатысып жатыр. Еліміздің әр өңірінен біліктілігін арттыруға ниет білдіргендер оқу орындарында психолог мамандарды даярлайтын әдістемелерді де заманауи талапқа сай жаңарту керектігін алға тартуда.
«Психолог қандай да бір құрылымға енген кезде, олар бәрін, барлық шиеленістерді бірден шешеді деп ойлайды. Әріптестеріміздің қырық жылдық тәжірибесі көрсеткендей, құқық қорғау органдары, соттар, Үкіметтік емес ұйымдар, психологиялық ұйымдар өзара іс-қимыл жасайтын жүйені құру арқылы ғана отбасына бұл мәселені шешуге көмектесуге болады», – деді «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко.