Қазақтың қайсар қыздары: 7 мыңнан астам нәзік жанды әскери қызметте жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл саладағы қатаң ережелерге тіпті кейде әйелдер тұрмақ, ер азаматтар да шыдас бермейтіні анық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың қайсар қыздары. Ұшқыш Ардана Ботай  әскери қызметте жүргенін, ал десантшы қыз Мөлдір Базылбекова ерлермен бірдей  ел тыныштығын күзететінін мақтан тұтады. Өр рухты арулар темірдей тәртіп пен төзімді талап ететін мамандық иесі болуды ойланбастан таңдапты. Жалпы бұл саладағы қатаң ережелерге тіпті кейде әйелдер тұрмақ, ер азаматтар да шыдас бермейтіні анық. Ендеше, әскери міндеттерін абыроймен атқарып жүрген аруларымыз күш-жігерлерін қалай жаниды. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалынан білейік.

Аға ұшқыш Ардана Ботай бұл «Су-30СМ» жауынгерлік ұшағын жер бетінде көлік жүргізгендей емін-еркін тізгіндейді. Міне, кезекті міндетін мінсіз атқарып келді. Бұл мамандық қателікті кешірмейді. Сондықтан Ардананың ұстанымы – жауапкершілік, тиянақтылық, батылдық. Бала жасынан қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігіне еліктеп өскен ол ерлермен тең елге қызмет етіп жүргенін бар болғаны Отан алдындағы парызымды өтегенім дейді.

«Хиуаз Доспанова, Нүркен Әбдіров секілді батырлардың ерлігі қанаттандырады. Еліңді, жеріңді қорғап, сүюге ынтықтырады. Мен бала кезімде-ақ әскери болатынымды түсінгенмін. Бұл форманы киіп жүргеніме мақтаныш сезімі кернейді. Ер азамат әріптестерім әрдайым көмектесіп, қолдау танытып жүреді», – деді ұшқыш Ардана Ботай.

Ал, десантшы ару қатардағы жауынгер Мөлдір Базылбекованың да әскери қызметке келуіне жүрек түкпіріндегі бала арманы жетелеген. Мөлдір әуе десанттық техникасын жөндеу взводының аға маманы. Барлық әскери қызметшілер секілді ол да, 4-сериялы Д-6 жауынгерлік парашютімен бірнеше рет секірген.

«Мен бала кезімнен парадқа шыққанда,  теледидардан әскери адамдарды көргенде қатты қызығатынмын және де өскен кезде мен де осындай әскери қызметші болсам ғой деп армандайтынмын... Ең алғашқы парашюттен секіргенде, ұшаққа отырып, биікке көтерілген сәтте қорқыныш сезімі болды. Секіріп купло ашылғандағы әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді десантшы Мөлдір Базылбекова.

Бүгінде Ардана мен Мөлдір секілді Қарулы күштер қатарында 7 мыңнан астам нәзік жанды әскери қызмет атқарып жүр. Бұл әйел адамдар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сондай-ақ елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде олардың үлесін сүбелі деген сөз.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров