Қазақстандық балалардың үштен бірі осы жазда емен-жарқын демалудың орнына, қолдарына кетпен-күрек алып жұмыс істемек. Еңбектері де еш кетпей, өздеріне тиісті жалақыларын да алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Каникулды асыға күткендер үшін елімізде 13 мың қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлер жұмыс істейді. Ал, Алматыда 3 маусымнан бастап балаларды суда жүзуге тегін үйрете басталады. Қалалық Спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтетін курстарға тұрмысы төмен отбасының балалары қатысады. Биылғы маусымда 2000-ға жуық оқушыға жүзуді үйретіп шығамыз деген мамандар бүгінде қаладағы 3 спорт кешенінде балаларды қабылдауға әзір.
«Балалардың көбі суға түсуге қорқады. Сондықтан алдымен қолға, белге суға батырмайтын қорғаныс құралдары тағылады. Балалардың суда жүзуге бейімділігіне де қараймыз. Жазда негізінен жүзудің үш түрін үйретеміз. Ол: кроль, арқамен жүзу және брасс», – деді жаттықтырушы Евгения БОНДАРЕНКО.
Қалалық оқушылар сарайының да каникулда балаларға арнаған тосынсыйы бар. Жазғы демалысты тек қызықты ғана емес, пайдалы да өткізгісі келетіндер үшін IT лагері жұмыс істейді. Оған аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары тегін қатыса алады. Ал, басқалар бір апталық демалысқа 24 мың теңге төлейді.
«Алматы қаласы бойынша Оқушылар сарайындығы үйірмелерге 5000-нан астам бала қатысады. Сол балалардың ішінен көпбалалы аналар, жағдайы жоқ жанұялардың балалары жазғы танымды IT лагеріне қалады. Сонымен қатар әр түрлі туристік саяхаттар жасаймыз. Балалар музейлерге, киноға барады», – дейді Алматы қаласы Оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан РАХМАНБЕКОВА.
IT лагері жазда 12 бағыт бойынша жұмыс істейді. Ол – робот техникасы, бассейн, ағылшын тілі, тележурналистика, дзюдо, би, шахмат, сурет салу және музыкалық бағыттағы үйірмелер. Аталмыш лагерьдің жұмысы 10 маусымда басталып, тамыздың 15-іне дейін жалғасады.
Жалпы биыл Алматы қаласы оқушыларының 98,7 пайызы, яғни, 222 мыңға жуығы демалыстың қандай да бір түрімен қамтылмақ.
«Сонымен қатар, 3 маусымнан бастап мектеп жанындағы 248 лагеріміз жұмыс істеп, 29 мыңға жуық оқушы қамтылатын болады. Әлгі 248 лагер бастауыш сынып оқушыларын қамтитын болса, орта сыныптарға арналған тіл лагерлері 3 маусымнан басталады. Оған 38 мыңға жуық оқушыны қамтимыз деп отырмыз. Бұл бағытта 379 лагерь жұмыс істейді», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл ТАУҚЫЗЫ.
Жазда қаладағы қосымша білім беру ұйымдары да жұмыс істейді. Оған 17 мың оқушы тартылып, түрлі бағыттағы үйірмелер, секциялар мен бір күндік лагерлер ұйымдастырылады.
«Сол сияқты қала сыртында «Скала» деген орталықта балаларды альпинизмге, туризмге үйрету мақсатында тегін лагерь ұйымдастырылады. Онда 200-ге жуық баланы тауға шығуды және тауда өзін қалай ұстау керектігін үйретеміз деп отырмыз. Бұл – биыл алғаш рет қолға алынып отырған жоба», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл ТАУҚЫЗЫ.
Бұдан бөлек Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде тегін демалуға Алматыдан 300-ге жуық оқушы жіберіледі. Ал, 100-ге жуық оқушы «Өз еліңді танып-біл» бағдарламасы аясында, шілде айында Түркістан облысына саяхатқа аттанбақ.
Балалардың жазғы демалысын сапалы өткізуде астаналықтар да қалыс қалып жатқан жоқ. Жазғы демалыс кезінде жыл сайынғы NOMADS CAMP бірегей киіз үй лагері биыл да ұйымдастырылмақ. Бір апта бойы балалар Астанадан 100 км қашықтықта орналасқан Ақкөл ауданындағы бірегей киіз үйлерде ата-бабалардың көшпелі өмірімен танысып, белсенді демалып қайтады. Бағасы да қымбат емес – 30мың мен 45 мыңның төңірегінде. Бұл ақшаға экскурсиялар, ойындар мен балалардың күнделікті тамағы кіреді.
«Мұнда балалар атқа міну, садақ ату, шөптерден шай әзірлеу рецептілерімен танысып, саятшылық құру, түрлі ұлттық тағамдарды пісіру және балық аулауды үйренеді. Және біздің орманымызда арқанды парк бар. Сол жерде балаларды тауға дұрыс өрмелеуге үйретеміз», – дейді Қазақстанның Скаут қозғалысы ұйымының президенті Ильдар КАТЕНОВ.
Алматы мен Нұр-Сұлтан балалары демалыстарын қызықты әрі пайдалы етіп өткізетін болса, еліміздегі 180 мыңға жуық бала бұл жазда еңбек етпек. Олар көгалдандыру бойынша және әртүрлі серіктестіктер мен жеке кәсіп иелерінде жұмыс істейді.
«Осыған дейін оқушылардың демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен болатын. Осы отырысқа дайындық барысында әкімдіктер бұл мәселені қайта қарап, қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылдап отыр. 960 мыңдай бала жазда құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек, оқушылардың 61 пайызын түрлі үйірмелер мен спорт клубтары қабылдайтын болады. Оларда олимпиадалық резервтер мен тіл мектептері, активистер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылады», – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш ШӘМШИДИНОВА.
Балалар жазда құрылыс отрядтарында, бау-бақша және ауыл шаруашылықтарында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр екен. Оқушыларға жұмыс орындары жергілікті әкімдіктер арқылы беріледі. Қазақстанда Еңбек кодексіне сәйкес, балалардың тек 14 жастан бастап жұмыс істеуіне болады. Оларды еңбекке тарту арнайы келісімшарт арқылы жүзеге асады. Вице-министр Сәуле Айтпаеваның айтуынша, жұмыс кестесі 3-4 сағаттан аспауы керек екен.
«Еңбек кодексіне сәйкес, ата-аналардың рұқсатымен үшжақты келісім жасалады. Ол келісімге ата-ана, жұмыспен қамту орталығы және жұмыс беруші қол қояды», – дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле АЙТПАЕВА.
Ал, Мәдениет және спорт министрлігі ел ішінде демалатын балаларды тегін ұшақ билеттерімен қамтуды ұсынып отыр. Мәселен, ата-ана Қазақстан ішінде демалысқа 15 жасқа дейінгі екі баласымен ұшып баратын болса, оларға тегін авиабилет беріледі.