«Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында қала күніне орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен Жәнібек Кәрменов атындағы «Ән – Алматы» атты тұңғыш республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар іріктеліп, әр өңірдің үздіктері қатысты. Дәстүрлі ән байқауында алғаш рет бас жүлдеге автокөлік берілді.
Жас әншілерге әділ төрелігін айтқан қазылардың құрамында Жәнібек Карменовтың төл шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбек Өмірәлиев, Мәдениет саласының үздігі Берік Омаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова және Мәдениет саласының үздігі Тілеулес Құрманғалиев болды.
Бұрын-соңды болмаған байқаудың жеңімпазы Диас Мұратхан автокөлік иесі атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ал бірінші орынды Абай облысының атынан келген Біржан Айтахметов, екінші орынды Павлодар облысының тумасы Дәуренбек Слямғали, үшінші орынды Қарағанды қаласының намысын қорғаған Мөлдір Смайл иеленді.
Байқау соңында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы сөз сөйлеп, бұл жобаның одан әрі жалғасын табатынын жеткізді.