|
02.11.2021 | 17:27
1388

Биыл елімізде көлік дөңгелегі 30 пайызға қымбаттаған

Солтүстік аймақтарда ызғар басталғалы қысқы дөңгелек ауыстыру орындарында жұмыс қыза түскен

Биыл елімізде көлік дөңгелегі 30 пайызға қымбаттаған Almaty.tv

Биыл елімізде көлік дөңгелектері шамамен 30 пайызға қымбаттаған. Кәсіпкерлер баға әлі де тұрақсыз болады деп отыр. Еліміздің солтүстік аймақтарында ызғар басталғалы қысқы дөңгелек ауыстыру орындарында жұмыс қыза түскен. Бұл ретте алыпсатарлар да бағаны шарықтатып жіберген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Қарашада елордада қар жауды. Сәйкесінше, шина ауыстыратын орындарда қарбалас басталды. Жүргізушілер сапасына қарай емес, бағасына қарай дөңгелек іздеп сабылған. Ал дөңгелек бағасы мың құбылып тұр.

Рашид Исамалинов күніне 30-ға жуық машинаның дөңгелегін ауыстырады екен. Қазір жұмысы қызып тұр. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жүргізушілер бағаға мән бермей, көліктерінің дөңгелегін қысқыға ауыстыруға асық.

«Осы айдан бастап машинаға қысқы дөңгелек орнату керек. Қыс келе жатыр. Сондықтан аустыра беру керек. Қараша айында ауыстырып үлгеруге болады. Дөңгелектің түрлі маркасы бар. Ресейден, Қытайдан алып келеді. Сапасы да әртүрлі. Қысқы дөңгелекпен наурыз айына дейін жүреді. 1 дөңгелекті 2-3 маусым пайдалануға болады. Бізге клиенттер өздері алып келеді. Әрине, қымбаты ұзаққа жарайды. Баға да көтерілді. Мысалы, 14-ші резина былтыр 12000 болған еді, қазір 21000 теңге болды», – деді кәсіпкер Рашид Исамалинов.

Ал қала тұрғындары «баға аспандаса да, амал жоқ, қысқа қамдану керек» дегенді алға тартты. Оның үстіне, пандемиядан кейін көптеген тауардың қымбаттап кеткенін айтып, бұған таң қалмайтынын жеткізді.

«Мен қазір қысқа арналған дөңгелек салайын деп жатырмын. Ертең күн суытып, ауа райы қолайсыз болып жатса саламын. Қауіпсіздік адамның өзіне керек», «Былтыр мен 1 дөңгелекті 15000 теңгеге алғанмын, биыл 22000 теңгеге алдым. Бәрі қымбаттады. Құрал-сайман да, көлік те қымбаттады. Енді ауыстыру қажет. Ертең жер қатса, тайғанақ болады», дейді тұрғындар.

Ал синоптиктер алдағы күндері көктайғақ болуы мүмкін деген болжап жасап отыр. Республика аумағында жауын-шашын күтіледі. Демек, мұндай күндерде қауіпсіздікті сақтау үшін темір тұлпар да сақадай сай болуы керек.

«Алдағы үш тәулікте атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде тұрақты ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, тұман, көктайғақ, екпінді жел болады», – деді «Қазгидромет» РМК бас инженері Айгүл Алдабергенова.

Айта кетейік, елордада ауа райының құбылуынан соңғы тәулікте 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 адам зардап шеккен. Сол себепті Полиция департаменті жүргізушілерді қозғалыс кезінде барынша мұқият болуға шақырады.

Айгерім Айтмұхамбетова, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир