Алматыда төтеншеліктер арнайы рейд жүргізді

Алматыда жыл басынан бері 147 өрт тіркеліп, 14 адам зардап шеккен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері 147 өрт тіркеліп, 14 адам зардап шеккен. Көп жағдайда тілсіз жау жеке тұрғын секторынан шығады. Осыған орай төтеншеліктер көмір жағатын тұрғын үйлер мен моншаларда арнайы рейд жұмыстарын жүргізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Медеу аудандық төтенше жағдайлар қызметі Думан шағын ауданына барып, көмір жағатын тұрғын үйлерді аралады. Әсіресе, осы аядай пәтерде 7 адам тұрып жатыр екен. Тексерушілер қауіптің алдын алу мақсатында жылыту пешінің кемшіліктерін ескертіп, көмек ретінде уланудың алдын алатын құрылғы орнатып берді.  

Егер көмір жағатын болсаңыз, міндетті түрде пештің мұржасын айына бір рет тазалап тұру керек. Әрі мынадай артық заттар мен  киімдерді қоймауға тырысыңыз, себебі осындай жағдайлар апатқа әкеліп соғу мүмкін.

Төтеншеліктер одан бөлек адам көп келетін жеке моншаларды да аралап қайтты. Нысанды жалға алып отырған Нұржанат Күмісбеков ішін жылыту үшін көмір пайдаланады екен. Мамандар болса кішігірім шикілікті анықтап, ескерту жасады. Ал монша иесі алдағы уақытта міндетті түрде жөндейтінін айтты.  

БЛИЦ:

- Енді төтеншеліктердің біздің моншаға түсушілердің қауіпсіздігін тексеріп жүргеніне, соны тексеріп, бақылап жүргеніне рақмет.

- Біздің мына газ мұржаларын көріп, датчик қойып түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанына алғысымыз шексіз. Рақмет келгеніне.

«Біздің төтеншеліктердің берген жадынамаларын оқып танысса екен. Қала тұрғындарына айтарымыз жасаған ескертулерді дұрыс қабылдауын өтініп сұраймыз», – деді  Медеу ауданы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Мағжан Есен.

Қазіргі уақытта Медеу ауданында 25 мыңнан астам жер үй бар. Соның 200-ге жуығы пеш жағады. Мұнда соңғы улану дерегі 2019 жылы тіркеліп, 3 адам зардап шеккен. Одан бөлек қала бойынша әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету мақсатында 1 мың 300 ден астам үйге уланудан қорғайтын арнайы құрылғы орнатып берген. Түсіндіру жұмыстары сәуір айының 15-не дейін жалғаспақ.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, Руслан Сулейман, "Алматы" арнасы

Новости партнеров