27 желтоқсандағы сұм әуе апаты әрбір қазақстандықтың есінде. Трагедияға бей-жай қарамаған адам болмады. Біреулер бұл күні қайта туғандай болса, біреулердің демі қапыда үзілген еді. Аман қалғандар техникалық тұрғыдан дайын болмаған жарамсыз ұшақтың тигізген зардабын әлі де тартып келеді. Сол күні ұшақта болған жолаушылар оқиғаның қалай болғанын, апаттан кейінгі өмірлері туралы айтып берді. Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатсын.
Аслан Назарәлиев – сол сүреңсіз күні қираған ұшақтың ішінде болған жолаушылардың бірі. Ол жұмыс бабымен Нұр-Сұлтанға бармақ болып, «Bek Air» компаниясынан билет алады. Аслан ұшақтың қас қағым сәтте қақырап қалғанын айтады. Сөзінше, апат болған сәтте адамдар бірден қосымша шығу есігіне қарай жүгірген.
«Мен далаға апаттық терезеден шықтым. Көбісі ұшақтың қанаты орналасқан жерден шықты. Қанаты сырғанақ еді. Бәрі тайғанап жерге құлап қалып жатты. Адамдардың жан айқайын естіген соң ерлер жағы көмек көрсетуге асықтық. Сол уақытта екі адамның қалай қатты қиналып жатқаны әлі есімде. Біреуінің кеудесі жараланып, тіпті үңірейіп тесіліп кеткен. Ал, енді бір адамның сол аяғы кесіліп қалған. Екеуін көтеріп ұшақтан алшақ жерге апарып жайғастырдық», – деді қала тұрғыны Аслан Назарәлиев.
Апаттан аман қалған екі баланың әкесі Аслан құтқару қызметкерлері келгеннен кейін үйіне таксимен оралады. Қатты моральдық зақым алмаса да, бұл жағдайдан кейін бір аптадай денесін ауырлық басыпты. Бірақ дәрігерлерге жүгінбеген.
«Біз ұшақтың техникалық жарамсыз екенін білмедік. Оның үстіне мен ол кезде әуекомпанияға аса мән бермеген едім. Тек өз уақытында жетуді ойладым. Бірақ қазір енді ұшақтарға мән беріп, сенімді әуекомпаниясын таңдауға тырысатын болдым», – деді Қала тұрғыны Аслан Назарәлиев.
Жантүршігерлік апат сол күні 12 адамның өмірін қиды. 12 отбасы бір уақытта қара жамылды. Солардың ішінде елімізге белгілі Қайдаров әулеті де бар еді. Ішкі істер Министрлігінің құрметті азаматы, генерал-майор, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған Рүстем Қайдаров осылайша мәңгілік сапарға қапыда аттанып кетерін жанұясы да сезбесе керек.
«Мен ол кезде астанада болған едім. Әкем маған хабарласып Нұр-Сұлтанға бір күнге ұшатынын айтты. Одан Нұр-Сұлтанға келгенде кездесіп, тамақтанайық деген едім. Ол «Жоқ, қолым бос болмайды, Алматыға келгенде өзің үйге келіп кетерсің», деп жауап берді. Соңғы әңгімелескен кезіміз сол болды. Бұлай аяқ асты айырылып қаламыз деп еш ойламадық», – деді Рүстем Қайдаровтың ұлы Ербол Рүстемұлы
«Ол кісі әдетте таңертең ұшып, кешке қайтып оралатын. Бірақ сол жолы кетерінде кіші немере қызы аздап уайымдап, атасының Bek Air ұшағымен ұшып жатқанын жақтыртпады. Басында әкеміздің қаза тапқандар тізімінде бар екеніне сене алмай, шатасып кеткен шығар деп қатты үміттендік. Атамыздың билеті негізі алтыншы қатарда болған екен. Бірақ оған құрмет көрсетіп үшінші қатарға ауыстырғанға ұқсайды», – деді Рүстем Қайдаровтың келіні Диляра Қайдарова.
Рүстем Есімханұлы еліміздің құқық қорғау саласында 30 жылдан астам еңбек етті. Ол қатардағы қызметкерден бастап министрліктің тергеу ісі бойынша орынбасары, мемлекеттік тергеу комитетінің төраға орынбасарлығына дейін көтерілді.
«Ол сондай мейірімді, ашық-жарқын адам еді. 54 жыл бір шаңырақ астында бақытты өмір сүрдік. Мені, балалар мен немерелерін қатты жақсы көрді. Өз ұлты мен халқын сүйіп, аянбай еңбек етті. Жатқан жері жайлы болсын. Ол әркез менің жанымда болады», – деді Рүстем Қайдаровтың жары Аймен Қайдарова.
Қайғылы оқиға орын алмағанда генерал-майор бүгінде 80-ге толар еді. Биыл оның есімін ұлықтау мақсатында Жезқазған, Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал қалаларындағы полиция департаменттерінің музейлерінде батырға арналған бұрыштар ашылды. Ал Алматыда тұрған үйінің іргесіне ескерткіш тақта орнатылып, фильм түсірілген.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы