«Қойманы көшіріп үлгермедік». Бүгін Қорғаныс министрлігінің өкілі журналистерге шындықты айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арыстың астаң-кестеңін шығарған қойманы елдімекеннен алыстату үшін бұған дейін тиісті құжаттар тапсырылған. Алайда бұл мәселе оңай шешілетін шаруа болмаса керек. Енді бұл жағдайдан кейін қойманың өзге жерге ауысатыны нақты белгілі болды.
Арыстағы жарылыстан көз жұмғандардың саны екі адамға жетті. Ал кешелі бері медициналық көмекке 165 адам жүгінген. Олардың 76-ына амбулаторлық көмек көрсетілсе, 19 адам станционарлық ем алуға жатқызылған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жансақтау бөлімінде он шақты адам жатыр деді. Оларға бас-көз болу үшін республикалық маңызды емханалардан мамандар жеткен.
«15 адам жансақтау бөлімінде жатыр, 9-ының жағдайы нашар деуге болады. Арасында екі бала бар. Әрқайсысы әр түрлі жарақат алған. Осындай жағдайда ауыр науқастарға көмек көрсету үшін Алматыдан ғылыми-зерттеу, клиникалық институттардан маман жібердік. Екі мульти-дисциплинарлық бригада, санавиация жұмылдырылды. Олар қажет адамдарға ота жасап жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Ал, Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Арыста әлі де жарылыс болуы ықтимал екенін ескертті. Мұны жарылыс болған ошақтың үстінен арнайы құрылғымен бақылап шыққан мамандар айтыпты.
«Бүгінде Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының көмегімен аэровизуалды бақылау жүргізді. Оқ-дәрі сақталатын қоймалардың аумағында әлі де бықсыған оттың 9 ошағы табылды. Яғни, әзірге қайтадан жарылыс орын алу қаупі бар», – дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.
Ал, полицейлер иесіз, бақылаусыз қалған үй мен дүкендерді тонаған үш ұрыны қолға түсірді. Ведомствоның 75 жасағы ел-жұрты түгел көшірілген қаланы бақылауға алды. Бұл жұмысқа жалпы 1200 адам, 115 техника тартылған. Қорғаныс министрлігінің өкілі оқ-дәрі, жарылғыш заттарды сақтау кезінде ереже бұзылғынан мойындады. Бірақ 1960 жылдан бері оқ-дәрі сақтайтын қоймадан адам өміріне қауіпті заттарды толық көшіре алмадық, кешіктік деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары журналистерге.
«Қоймалардың арасы 200 метр қашықтықта орналасқан. Ереже бойынша, олар үш шақырымнан да алыс тұруға тиіс. Қашықтықты 10 шақырымға ұзарту үшін бірнеше мәрте құжат тапсырған болатынбыз. Алайда ол үшін тұрғындарды көшіру керек болды. Темір жол 800 метрде орналасқан. Сондықтан қойманы көшіру туралы шешім енді қабылданды. Біз 2005 жылдан бері басқа аумақтарға оқ-дәрі тасымалдаумен айналысамыз. Қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, біз бәрін тасымалдап үлгермедік», – деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат БЕКТАНОВ.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Жеңіс Қасымбек бастаған жұмыс тобын құрды. Премьер-министрдің орынбасары, Түркістан облысындағы шенеуніктер және аймақтағы құрылыс компанияларымен бірге қаланың инфрақұрылымына, әлеуметтік нысандары мен қарапайым тұрғындардың баспаналарына қаншалықты залал келгендігін анықтайды. Әзірге жарықсыз қалған қалада 19 отбасының баспанасы толық қирағандығы анықталып отыр.