«Апат болса, әп-сәтте қырылып қалуымыз мүмкін» деген тұрғындар заңсыз құрылыстың тоқтатылуын талап етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кешен тұрғындары апат болса опат боламыз деп алаңдайды. Табиғаттан қауіп төнсе, үй түгілі, жердің өзі жоғалып кетеді. Жоғалып кетеді деуге де негіз бар. Азаматтар бұл аумақтың тау бөктері екенін, ал құз-жартастың бір кездері жасанды жолмен тегістелгенін айтады.
«Үйіміздің төменгі жағындағы төбешіктерді тегістеп тастады. Үстіңгі жақта құрылыс бастап, ол жақ та жазыққа айналды. Қолымызда бұл жердің жасыл аумақ болуы керектігі жөнінде тиісті құжат бар. Демек, саябақ болатын орынға заңсыз құрылыс жасап, біздің де өмірімізге қауіп төндіріп отыр», – деді қала тұрғыны Алла Медведь.
Жақын маңдағы құрылыс мұндағы үйлерге де зиянын тигізіп отыр. Тіпті, кейбір нысанның тағаны да отырып кеткен. Мәселен, соңғы рет сілкініс болған кезде үйдегі аспалы шам құлапты. Зардап шеккен ешкім болмағанымен қауіптің беті сейілмесе, келер зардап үлкен болуы мүмкін дейді тұрғындар.
Көпшілік көмегіне жүгінген заңгер «Құрылыс жүріп жатқан аумақ құжат бойынша шаруа қожалығына тиесілі» дейді. Дәлелді дәл алдымызға әкелгенде көрдік, учаскенің нысаналық мақсаты бөлек. Яғни, бұл орында жеке тұрғын үй кешенін салудың эскиздік жобасы мақұлданбаған.
«Олар ең алдымен нысаналық мақсатын өзгерту үшін өтініш хат жазып, құжаттар жинауы керек. Бір немесе бірнеше үй салуға рұқсат деген қағаз қолдарына түскеннен кейін архитекторлармен келіседі. Содан кейін құрылыс жасауға рұқсат. Алайда, қандай да бір құжатсыз, өз еріктерімен істеп жатқан әрекеттері заңға қарама-қайшы», – деді заңгер Ғабит Өмірбеков.
Мәселенің мәнін білу мақсатымен басқармаға сауал жолдадық. Әр объектінің жағдайын жеке, жете қараған мамандар меншік иесі құрылыс-монтаждау жұмысының басталғаны туралы хабар бермеді дейді.
«Жекеменшік үй салуға арналған екеуінде рұқсат қағаздары бар. Қалғандарында рұқсат берілмейді. Сол себептен олар заңсыз құрылыс деп саналады», – деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов.
Құжаты мақұлданбаған құрылысшыларды маңайдан таба алмадық. Биіктігі 3 метр болатын бағаналар мен қоршаулар арғы беттегі жұмысты да жасырып тұр. Қалай болғанда да, апатты аймақта үй тұрғызу - жеке бастың да, көпшіліктің де қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді дейді мамандар.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы