Алматы қаласы мәслихатының депутаты Арман Жүдебаев Жамбылдағы жарылыстан қаза болған азаматтардың жанұясына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жамбыл облысының Байзақ ауданында орын алған жағдай әрбіріңіздің қабырғаңызға батып отырғаны мәлім. Қайғылы қазаға ұшыраған азаматтарымыздың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтамын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апаттан қаза болған құрбандардың туыстарына көңіл айтып, 29 тамызды елімізде аза тұту күні етіп жариялады. Әрине, көкейде сұрақ көп. Алайда көпшілікті сабырға шақырамын. Мемлекет басшысы басы кішігірім өрттен бастау алған апаттың себептерін анықтап, оқиғаны терең зерттеу үшін, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Өрт - тілсіз жау, демей ме?! Алла елімізді, азаматтарымызды, туған-туыстарымызды айтпай келетін әртүрлі пәлелерден сақтасын! Марқұмдарымыздың топырақтары торқа болсын!», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Арман Жүдебаев.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.