Алматы облысының Кемертоған ауылында бір күнде 5 үйге ұры түсіп, бағалы бұйымдар мен ақшаны қолды еткен. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақылаудың жоқтығынан, тәртіптің қадағаланбауынан Кемертоғанда ұры-қары көбейді деген көпшілік жағдайдың алаңдататынын айтып шағымданды. Өйткені тапа-тал түсте бір көшедегі 5 бірдей үй тоналған. Енді жұрт үйдегі бала-шағасы үшін қорқып отыр.
«Тапа-тал түсте ұры не үшін түседі? Сағат 10:00-11:00- де бәрі сабылып жұмысқа кетеді. Үйде әйелі мен бала-шаға болады. Олар үйді қорғаймын деп жүгіріп жүргенде, өлтіріп, пышақтап кетсе ше?», – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Жаңылай Әріпбаева.
Уайымға салынған қалың көпшілік ауылдағы тәртіпсіздікті учаскелік полицейлердің жетіспеушілігімен байланыстырып отыр. Тұрғындардың айтуынша, полицейлер бақылауды күшейтсе, олқылық болмас еді.
«Аптасына бір рет профилактика жүргізіп тұруы керек қой. Жүрген адамды «кімсің? қайда барасың?» деп сұрау керек тоқтатып. Кешке жақын жиналып, жігіттер өзіміз болып арасында қарап қоямыз», – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Бигелді Тәпелов.
Ал күні кеше үйі тоналып, ақшасы мен бағалы бұйымдары ұрланған ауыл тұрғыны таңнан кеше дейін жұмыста жүретінін айтады. Оның тірнектеп жиып, тығып қойған құнды заттарын түк қоймай алып кеткен.
«Полиция қызметкерлеріне звондап едік, сағат 22:00-да әрең келді. Сөйтіп криминалистер келіп, саусақ іздерін алып кетті. Келесі көшеде төрт үйге түскен. Шубасын, ақшасын алып кеткен», – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Мұрат Мыңжасаров.
Ал Қарасай ауданының құзырлы орган өкілдері бұл іске қатысты тиісті шаруа атқарылып жатқанын айтты. Олардығ айтуынша, бұған дейін де ұрлыққа барған күдіктілердің қолына кісен тағылған.
«Алматы облыстық Қарасай аудандық полиция басқармасында МТФ, Жаңақұрылыс елдімекенінде ұрлық тіркелген. Осы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеп тексеру жұмысы жүргізіліп отыр. Аталған ауылдық аумақта қазір 11 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады, және бір жедел уәкіл бар. Үлкен ауылды қамту үшін қызметкерлер жетіспейді», – деді Қарасай АПБ бастығының орынбасары Ертіс Тоқтаров.
«Бізде осы ауылға бөлінген 10 учаскелік полиция қызметкері бар. Бірақ біздің халық саны соңғы санақ бойынша 50-60 мыңға жетіп қалды. Оның алдында сіздер білмейсіздер ғой, қандай жұмыстар жасалғанын», – деді Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов
Дүйім елдің тыныштығын сақтау үшін Қарасай аудандық Полиция басқармасы қосымша қызметкер жұмылдырамыз деп сендірді. Ол үшін тиісті тапсырма берілгенін де тілге тиек етті.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы