Қазақстанда атом-электр станциясы қайда салынатыны әлі белгісіз. Ол туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, мәселе талқылана бастаған 2013 жылдан бері түрлі жер учаскесі, олардың сейсмикалық ахуалы, желілері сияқты инфрақұрылымға және тұтынуға негізделе отырып зерделеніп келеді. Ал қазір екі орын анықталған. Ол – Балқаш маңындағы Үлкен елді мекені болса, екіншісі – Курчатов қаласы.
«Үлкен локациясы инфрақұрылымның болуы тұрғысынан қарағанда, қызықтырақ, басымырақ көрінеді. Өйткені ол жерден кернеуі 500 кВ болатын «Солтүстік-Оңтүстік» электр тасымалдау желісі өтеді. Ал Үлкен кенті біздің негізгі энергия тұтынушыларымыз – оңтүстік өңірлерге жақын. Бірақ орынды таңдау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын атап өткен жөн. Десе де, бұл жұмыс басталып кетті. «Самұрық-Қазына» қоры тиісті зерттеулер мен есеп жүргізу үшін жобалық топ ұйымдастырды», – деді ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Жалпы, министр 2035 жылға дейін электр энергиясын тұтыну әрі өндіру көлемінің балансын жасағанын айтты. Сол көрсеткіштер электр энергиясының тапшылығы байқалып отырғанын дәлелдеген. Осы мәселені болдырмау мақсатымен атом станциясын салу қажет дейді Мағзұм Мырзағалиев. Бұдан бөлек, оның пайымынша, әзірге АЭС салынатын елдімекеннен халықты басқа жерге қоныстандыру мәселесін тақылау әлі ерте. Өйткені нысанның құрылысына ғана 10-15 жыл уақыт керек.
«Электр станциясын салу өте ұзаққа созылатын үдеріс. Әрине, кез келген стансаны салу үшін адам керек. Ол стансаға қызмет көрсететін адамдар да қажет. Бұл адамдар нысанға жақын маңда тұрғаны керек. Біреудің ол жерден көшкісі келсе, біреудің керісінше көшіп барғысы келетін шығар. Жалпы алғанда, жаңа стансамен бірге саланың тұтас инфрақұрылымы, «қала құраушы кәсіпорын» пайда болады», – деді Мағзұм Мырзағалиев.