|
09.02.2021 | 20:18
4003

Елордада жер үй тұрғындары сусыз отыр: «Қазақтелеком» компаниясының қандай қатысы бар

Нұр-Сұлтан қаласындағы жер үйлердің тұрғындары 3 күн бойы тіршілік нәрінсіз отырғанын айтып шағымданды

Елордада жер үй тұрғындары сусыз отыр: «Қазақтелеком» компаниясының қандай қатысы бар Almaty.tv

21 ғасырда өмір сүрсек те, суды тасып ішеміз. Нұр-Сұлтан қаласындағы жер үйлердің тұрғындары 3 күн бойы тіршілік нәрінсіз отырғанын айтып шағымданды. Жалпы Байсейітова мен Оқжетпес көшесінде су мәселесі ұзақ жылдан бері бар. Құбырлардың жаңартылмағанына да елу жыл болған. Мәселенің мән-жайына Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай үңіліп көрді.

Елорданың жеке секторындағы бірнеше үй тұрғындары 3 күн бойы ауыз сусыз отыр. Айтуынша, бұл жағдай бірінші рет емес. Су құбырының қайта-қайта жарылуы  жарты ғасыр бұрын салындықтан ескірген дейді.

«6 ақпаннан бері үйде су жоқ. Біз екі күн бойы сусыз отырдық. Өткен жолы қыркүйек айында бір ай бойы су болмады. Енді сол жағдай тағы қайталанып отыр. Қазір анау жерде 70 жылдардағы ескі құрбы әлі бар. Оны қашан ауыстыратынын білмейміз», – деді қала тұрғыны Анастасия Звонарева.

Мәселе мұнымен шектелмейді. Су құбыры жарылған кезде үйлерін су басып әбден әбігерге де түсетін көрінеді. Үйге кірген судан қабырғалар буланып балалар сырқаттанып қалған.

«Сол сенбі күні сағат екі-үштің кезінде су құбыры жарылды. Мен сосын 109-ға звондадым. 103-ке звондадым. 104-ке де звондадым. Бәріне звондадым. Қабылдады, бірақ олар кешкі 21.00-де бірақ келді. Сол келіп жай қарап кетті. Сосын суды өшіріп тастады. Сол су құбырынан менің үйіме бір бөлмеге, дәретхана мен ванна бөлмесіне су 5 сантиметрге көтеріліп кетті», – деді қала тұрғыны Айнұр Болат.

«Біз арызымызды әкімдікке де айттық, жағдайымызды түсіндірдік. Мен үйде әжеммен тұрамын. Қазір су жоқ болған соң, ол кісіге жуынып, дәретханаға бару қиын болып жатыр», – деді қала тұрғыны Эдуард Ковтун.

Ал, «Астана су арнасының» орталық диспетчер қызметінің басшысы Абылайхан Жармақов жөндеу жұмыстарының біраз уақыт алғанына «Қазақтелеком» желілері кедергі келтіргенін айтады. Сонымен қатар, мұндай келеңсіздіктер енді орын алмайды деп отыр.

«Байсейтова көшесінің бойында орналасқан үйлерде алтысынан сегізіне дейін су болмады. Жарылған құбырды жасауға «Қазақтелекомның» желілері кедергі келтірген соң жұмысты бірден бастап кете алмадық. Ал, кеше түстен кейін «Қазақтелеком» желілерін уақытша өшіре тұрды. Біз сол кезде ғана су құбырларын жөндеуді бастадық. Жалпы бұл көшедегі су құбырлары 1970 жылы орналасқан. Ал, мен жаңа құбыр қашан қойылатынын әзірге айта алмаймын», – деді  «Астана су арнасы» МКК орталық диспетчер қызметінің басшысы Абылайхан Жармақов.

Тұрғындар ескі құбырдың орнына жаңасын қойғандарын қалайды. Себебі су тапшылығының зардабын әбден тартқан жұрт мұндай жағдай тағы қайталана ма деп алаңдаулы. Оның үстіне ақпанның ақшұнақ аязында алыстан су тасудың өзі қиямет-қайым дейді.

Қаламқас Нысанбай

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир