Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар құс фабрикасы субсидиясыз қалмақ. Жұмыртқа өндіретін кәсіпорынның 5-еуі ендігі жылдан бастап қаржыландырмайды. Фабрика басшылары құс шарушылығы тоқтап қалатынын немесе шығынды өтеу үшін өнім бағасын қымбаттатуға тура келетінін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда құс шаруашылығымен айналысатын 35 ферма бар. Олардың 5-еуі нарыққа жұмыртқа шығарады. Мемлекеттік қолдаудан шет қалып отырған да сол 5 кәсіпорын. Құс фабрикасы басшысының айтуынша, биыл жем де 2 есеге қымбаттап кеткен. Ал субсидияның бөлінбейтіні жығылғанға жұдырық болыпты.
«Субсидия бұған дейін категория бойынша берілген. Біз 2,5 теңге категориясына іліккенбіз. Содан соң оны қысқартып, 1,2 теңге беріп жүрген. Ал 2022 жылдан бастап мүлдем субсидия берілмейді. Егер субсидия берілмесе, мемлекеттен қолдау болмаса, онда көп фабрика жабылып қалады. Құс тұмауы әсерінен өткен жылы да біраз фабрика жабылған», – деді құс фабрикасы директорының орынбасары Александр Чесноков.
Ауыл шаруашылығы субсидияның 1 қаңтарға дейін ғана бөлінетінін растады. Бұған мемлекеттің жұмыртқа өнімімен өзін-өзі қамтамасыз ете алатыны себеп болған.
«2020 жылы облыс құс фабрикаларына 520 млн теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қазанында 239 млн теңге төленді. Оның 139 млн теңгесі жұмыртқа өнімін арзандату үшін 22 млн теңге, құс етін өндіру үшін 80 млн теңге жас тауық алуға жұмсалды», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Уәлбеков.
Кәсіпкерлер палатасындағылар мемлекеттік қолдау болмаса, облыстың бірнеше фабрикасы жабылып қалады деп топшылап отыр. Немесе 35 теңге тұратын жұмыртқаның бағасы 50 теңгеге дейін өседі дейді. Оны болдырмау үшін жол картасын әзірлеп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберген.
«Олардың бірі – жұмыртқаны арзандату үшін бөлінетін субсидияны сақтап қалу. Ал екіншісі – бұрынғы критерий бойынша өндірілген бір жұмыртқаға 3 теңге төлеу», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Ерік Уәлиев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіпкерлер палатасының жіберген өтінішіне 1 аптадан кейін жауап береді. Субсидияның бөлінетін бөлінбейтіні сол кезде белгілі болмақ.
Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан