Қазақстандағы несие алған халықтың басым көпшілігінің қарызы 3 млн теңгеден аспайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондықтан, олардың несиесін кешіру дер кезінде қабылданған шешім дейді экономистер. Алайда, жарты миллионға жуық азаматтың кредитін өтеу экономикамызға оңтайлы әсер етпейді дейтін мамандар да бар.
«Экономикаға бұл оңтайлы әсерін тигізбейді. Себебі өтелетін несиенің, қаражаттың барлығы мемлекеттік бюджеттен алынады. Ал, ол – халықтан салық ретінде жиналған қаржы. Бұл жерде халықтың арасынан салықты уақтылы төлеп жүрген бірақ несиесі бар кейбір топ өкілдері «неге біз салықты толық төлейміз де, соның есебінен біраз азаматтардың несиесі кешіріледі, ал біздікі кешірілмейді?» деп, наразылық білдіруі мүмкін», – дейді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.
Тұрмысы төмен азаматтардың кредитін өтеу – бір реттік акция. Алайда, несиесі кешірілген кейбір азаматтар ендігіде қаржы мәселесіне немқұрайлы қарауы мүмкін дейді экономист. Сондықтан, халықтың бұдан кейін қаржылық торға түсіп қалмауы үшін мемлекет жағдай жасауы тиіс деген пікірде.
«Несиесі кешірілген азаматтар «демек, мен бұл несиені ала беретін болсам, ертең мені мемлекет тағы кешіреді екен» деп ойлап қалуы мүмкін Ал, ол – біздің экономиканың дамуына тежегіш күш», – деді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.
«Халық қазір барлық азаматтардың несиесі кешіріледі екен деп қате түсініп жатыр. Бұл жерде нақты топтар ғана жеңілдікке ие болады. Ол – аз қамтылған, жалғыз қамқоршысынан айырылған, көпбалалы және мүгедек ұл-қыз асырап отырған отбасылар. Және әзірге, несиелердің қалай жабылатыны және өсімпұлдардың қалай алынып тасталатыны туралы нақты механизм жоқ. Алдағы бір аптаның көлемінде бәрі түсінікті болады деп ойлаймын. Сондықтан, тұрғындарға дәл қазір банктерге бармай, күте тұрған жөн», – деді заңгер Бота ЖҰМАНОВА.