Елімізде 22 бүлдіршін түрмеде жатыр

Елімізде 22 бүлдіршін түрмеде жатыр
Жауғашты түрмесінде жатқандардың ең үлкені 68 жаста, кішісі – 19-дан жаңа асқан бойжеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан бойынша қылмыскер әйелдерге арналған 6 түрме болса, соның бірі – Алматы облысы, Іле ауданындағы Жауғашты ауылдық округінде орналасқан ЛА-155/4 түзету мекемесі. Мұнда алғаш рет сотталған әйелдер мен аяғы ауыр келіншектер жазасын өтейді. Жалпы, Қазақстанның әр түкпірінде қылмыс жасаған жүкті келіншектер дәл осы түзету мекемесіне жеткізіледі екен. Өйткені мұнда балалар үйі қарастырылған, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде бұл түрмеде 435 әйел отыр. Әрқайсының тағдыры әр түрлі. Бірі ойнап жүріп от басса, енді бірі ет жақынын өлтіріп қамалған. Дегенмен, барлығының арманы бір – тар қапастан тезірек құтылып, бостандыққа шығу.

Жауғаштыдағы осы колонияда еліміздің әр түкпірінде сотталған жүкті келіншектер жазасын өтейді. Қазір мұнда тек бір әйелдің ғана аяғы ауыр екен. Ал, қалғандары қол-аяғын бауырына алған. Түрмеде туылған сәбилерге мұнда арнайы «балалар үйі» қарастырылған. Бөбекжайда бүгінде 22 бүлдіршін тәрбиеленуде.

«Түзету мекемесінде былтыр 12 бала дүниеге келді. Биыл төрт айда 6 бала туылды. Олар 3 жасқа дейін ғана аналарының жанында болады. Содан кейін баланың әкесі немесе туған-туыстары өтініш жазып, құжаттарын дайындап, алып кетеді», – дейді ЛА-155/4 мекемесінің басшысы Думан РАХМАНОВ.

Ал егер жазасын өтеуші әйелдің ешкімі болмаса, не жақындары баладан бас тартса, бүлдіршін бірден жетімдер үйіне жіберіледі. Өйткені, түрменің аты түрме. Мекемеде 3 жасқа толған балалардың бір күн артық жүруіне рұқсат жоқ.

5 айлық бөбегіне бесік жырын айтып жатқан Гүлжан темір торға былтыр қамалған. Алаяқтық фактісі бойынша ұсталған ол 3 жылға бас бостандығынан айрылыпты. Қолымен істегенін мойнымен көтеріп, туған-туыс, бала-шағасынан жырақта жазасын өтеп жатқан әйел басына түскен бұл қиындықты сабырмен жеңетініне сенімді. Тек өзімен бірге сыбайлас болып, кейін жазадан сытылып кеткендердің бостандықта жүргені келіншектің өзегін өртейді.

«Істеген ісіме қатты өкінемін. Әлі де болса, бұл істі жалғыз өзім істемегенімді айтамын. Басқа да адамдар болды. Осыдан бостандыққа шықсам, олардың барлығының жазалануына қол жеткіземін», – дейді жазасын өтеуші ГҮЛЖАН.

Дәл қазір Жауғашты түрмесінде жазасын өтеп жатқандардың ең үлкені 68 жаста болса, кішісі – 19-дан жаңа асқан бойжеткен. Колонияға 16 жасында қамалған Қымбат қазір онда қол қусырып отырған жоқ. Бос уақытының барлығын кітап оқып, ағылшын тілін меңгеруге жұмсайды. Тағдырдың тезіне түсіп, туыстары одан теріс айналса да бойжеткеннің сағы сынбаған. Асқақ армандары бар.

«Бостандыққа шыққаннан кейін ең бірінші кезекте емтиханға дайындаламын, курстарға жазыламын.  Содан кейін университетке түсемін. Әзірге нақты мамандық таңдағаным жоқ, бірақ диплом алуым керек», – дейді жазасын өтеуші Қымбат.

Жабық мекемедегі әйелдердің басым көпшілігі алаяқтық жасаған, есірткі сатып, тасымалдаған және адам өлтіргені үшін сотталғандар. Тар қапаста тағдырына налығандардың көкірегінен ащы өкініштің, жүздерінен сағыныштың лебі сезіледі. Барлығы еркіндікті аңсап, күн санап жүр.

Айта кету керек, жазасын өтеушілердің 184-і жұмыспен қамтылған. Олар мекеменің өнеркәсіп аймағында түрлі жұмыстар істеп, ай сайын 42 мың теңге шамасында жалақы алады.

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов Алматы телеарнасы

Новости партнеров