Қазақстанда балаларынан алимент ала алмай жүрген ата-аналардың саны артты

Қазақстанда балаларынан алимент ала алмай жүрген ата-аналардың саны артты
Мамандар мұны отбасындағы тәрбиеге әкеп тіреп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 800-ден астам ата-ана өз баласынан алимент ала алмай жүр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Зейнет жасына толған әке-шешесін перзенттері қиындыққа қиып, көмек көрсетуден бас тартқан. Заңгерлер мұндай азаматтармен тек сот арқылы күресіп, мәжбүрлі түрде алимент төлету керек дейді. Ал, мұндай  тенденцияның түбі бала кездегі тәрбиеде жатыр дейді психологтар.

Жалпы, Қазақстанда әке-шешесін қараусыз тастап, еш көмек көрсетпейтіндердің саны артқан. Өткен жылдан бүгінгі күнге дейін егде жастағы 1 100 әке мен шеше балаларын сотқа беріпті. Жасы жеткендер туған ұл-қыздарынан жылулық көру жазбаса да, тым болмаса қаржылай, яғни алимент төлеуін талап етеді. Жеке сот орындаушысы Абзал Амангельдинов қаржылай көмектің қалай берілетіндігін түсіндірді.

«Біздің қоғамда әке-шешенің балаға алимент төлеуі таңсық емес. Бұндай жағдайда борышкерлер өз туғандарына тек 18 жасқа дейін ақша бөліп тұрады. Ал, баласының ата-анаға ай сайын тиісті қаржы бөлуі бізге таңсық. Егер баққан-қаққан бала әке мен шешесін тастап кетсе, жағдай дәлелденсе, ол өмір бойы оларға алимет төлеуі міндеттеледі», - дейді жеке сот орындаушысы Абзал АМАНГЕЛЬДИНОВ.

Өз баласынан алимент сұраған 1 100 адамның басым көпшілігі зейнет жастағылар. Бойынан күш-қуат кетіп, дәрмені қалмағандарды Әділет министрлігіндегілер жақсы біледі. Мамандар өткен жылы мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың көмегімен жоғарыда аталған мыңнан аса адамның 260-на балалары қаржылай көмек берді дейді. Тағы 840-ның төлеуге құлқы жоқ.  

«Сот үкімін орындамағаны үшін Азаматтық кодекстің 669-бабы бойынша тұлға айыппұл төлейді немесе бес күнге қамалады. Ал ата-ана күн көрісіне үш айдан артық алимент төлемейтін азамат Қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кодекстің 139-бабы бойынша ақша төлеуден жалтарған адам қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе екі жыл түрмеге қамалады», - дейді ҚР Әділет министрлігі басқарма басшының орынбасары Мұхтар БАЙҚҰЛОВ.

Балалары алиментті екі жағдайда төлеуге міндетті:

- ата-анасы жұмысқа жарамсыз болғанда;

- ата-анасы материалдық көмекке мұқтаж болса.

Алимент дегенге ұғым тек қаржылай көмек дегенді білдірмейді. Адамгершілік те әке-шешеге қолұшын созу болып саналады. Туған баласынан ата-ана осындай көмек күтуге құқылы. Баласынан қандай да көмек күтуші ата-ана оны дәлелдеуі керек. Оған:

- зейнеткер куәлігі;

- медициналық ұйымынан жұмысқа жарамсыз екендігі туралы анықтама қажет.

Қаржылай көмек мөлшері белгілі бір деңгейде қойылады немесе ай сайынғы тапқан табысқа қарай саналады (АЕК). Алимент мөлшерін белгілерде сот екі тараптың да жағдайын қаперге алады.

Баласы соттан алименттің көлемін келесі жағдайларға орай қайта қарауды өтіне алады:

- тұрғылықты жұмысы болмаса

- кәмелет жасқатолмаған балалары болса

- жеке баспанасы жоқ болса

- қаржылай жағдайы ауыр болса

Тағы бір айта кететін жайт, кезінде баласына қарамағандарға ұл-қыздары ақша төлемеуге құқылы. Мұны бірақ сот шешеді. Ал жағдайы бола тұра, қаржы бермейтіндердің сот мүлігін тәркілейді, шетелге шығармайды. Бұған «фемида» толық құқылы.

«Отбасында бәрі жақсы болса, өзара келісім болса, ата-ана жасы келгенде балаларынан алимент сұрамайды. Көбіне қадірі кеткен отбасыларда осындай жағдай қалыптасады», - дейді жеке сот орындаушы Баян ЗИЯУЙТДЕНОВА.

Елімізде жалпы төленетін алимент түрлеріне қатысты 177 мың құжат бар. Оның 166 мыңы ересектердің өз балаларына берешегі. Сот орындаушылары мен министрлік нақты олардың қаншасы ай сайын ұрпақ жалғастырушысына тиынын бөліп беріп жатқанын айта алмайды.

Новости партнеров