Ұлттық тестілу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов биыл 25 адамның өзге біреудің атынан магистратураға емтихан тапсырмақ болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуынша, аталған тестілеулер биыл 10-15 тамыз аралығында еліміздің 27 пунктінде өткен. Емтиханға 30 579 адам қатысуға ниет білдірген. Алайда оның тек 28 мыңы ғана қатысыпты. Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының пайымынша, екі мыңнан астам үміткердің сынаққа келмеуі күшейтілген бақылауды жүргізумен байланысты. Яғни көшіру мүмкіндігі болмайтынын түсінген дейді олар.
«Бір мыңнан астам талапкер емтихан кезінде көшіруге және тыйым салынған заттарды пайдалануға тырысқан. Осылайша 1021 нәтиже жойылды. Және бұл талапкерлер тіпті ақылы негізде оқуға түсе алмайды. Бөгде адамдар да анықталды. 25 адам өзінің орнына басқа тұлғаларды жіберуге тырысты. Әрбір факті бойынша ақпарат бұл әрекеттерге баға беру үшін Ішкі істер министрлігіне жолданды. Әлеуметтік желілерде алаяқтыққа осындай үміткердің бірі Ішкі істер министрлігі академиясының мөрін қолдан жасаған Ақтөбе облысының полиция қызметкері екендігі жазылды», – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар СМАҒҰЛОВ.
Емтиханға кіру кезінде 20 мың 500-дей смартфон және электронды құрылғы алынған. Бұдан бөлек, 500 шпаргалка, 370-тен астам калькулятор мен тағы басқа тыйым салынған заттар да тәркіленген.
«Ең үлкен конкурс келесі білім беру бағдарламаларының тобы бойынша болып отыр: бірінші орында - «құқық». Бір орынға талас 5,7 адамды құрады. Яғни, 134 грантқа 759 өтініш келіп түсті. Екінші орында - «филология» бір орынға 4,2 адам. Содан кейін «халықаралық қатынастар» бір орынға 3, 8 адам, «менеджмент және басқару» 3,3 адам, «туризм» 3,1 адам. Келесі білім беру бағдарламаларының топтары сұранысқа ие болмады. Олар: «гидротехникалық құрылыс», «биомедицина және ауыл шаруашылығын электр энергиясымен қамтамасыз ету». Ең көп өтініш қабылданған танымал білім беру бағдарламаларының тобына «ақпараттық технологиялар» –1187 өтініш түсті, «құқық», «менеджмент және басқару», «шет тілі педагогтарын даярлау» болды, – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар СМАҒҰЛОВ.