Астанада қолданысқа берілгеніне бір жылдан асқан үйлердің қабырғасы сөгіліп жатыр. Бүгін 400-ге жуық тұрғыны бар кешеннің азаматтары құрылыс компаниясы үйді қалпына келтірмейтінін айттып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бұл – миллиондаған теңгеге ипотека рәсімдеп әрең қол жеткізген баспана. Тіпті, банктің бағалауынан өтпей қалғандары жоғары пайызбен несие алған. Алайда көп уақыт өтпей жатып, қабырғалары шытынай бастапты. Қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Қабырғада өрт сөндіргіш құралдары да әлі күнге дейін ілінбеген.
«Алғашқы көмек көрсететін құрал жабдықтары жоқ. Ондай жағдайда тұрғындарды орналастырмауы керек еді. Жасап беруге уәде беретін. Уәдесін ешқайсысын орындаған жоқ. Үйдің жағдайы мүлдем нашар. Салыстыруға мүлде келмейді», – деді қала тұрғыны Кәмшат Олжабаева
Тұрғын үй кешенінің атауы - «Аңсар». Осы баспанаға аңсары ауып, әрең алған 400-ге жуық тұрғын қазір құрылыс компаниясына өкпелі. Себебі кепілдік уақыты аяқталмай жатып, үйлердің қабырғасы көгеріп кеткен. Тіпті, 10 қабаттағы тұрғынның терезесі шытынап кеткен. Айтуынша, шатыр тым ауыр болғандықтан, балкон төмен түскен. Ас үйдегі қабырғаға да осындай сызық түсіпті.
«Кафельдері қазірдің өзінде сынып жатыр. Мына түрімен ол 3-4 жылға дейін ғана шыдайды. Содан кейін жарамсыз болып қалады. Мен 10 қабатта тұрамын. Шатыр ауыр ма, әлде қабырғалар әлсіз бе, шытынап жатыр. Құрылыс компаниясы осының бәріне көз жұмып отыр», – деді қала тұрғыны Абылай Жандосов
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдің жертөлесінде не болып жатқанын меншік иелері білмейді. Құрылысшылардан оның есігін ашуды өтінгенде басшылар рұқсат бермегенін айтқан. Ал құрылыс компаниясының өкілі қызметтік демалыста екен. Құрылысқа жауапты қалалық басқарма маманының айтуынша, азаматтар сотқа шағымдану арқылы ғана үйлеріндегі олқылықтарды жоя алады.
«Кепілдік мерзімі өтіп кеткен жағдайда меншік иелері тарапынан қандай да бір іс әрекет болуы тиіс. Жаңағы құрылысшыларға хат жолдауға болады. Хатқа жауап бермесе, өз міндетін орындаудан бас тартқан жағдайда сотқа жүгінуге болады», – деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы Ернұр Баймұсаев
Енді құрылыс сапасына көңілдері толмаған тұрғындар сотқа жүгіну арқылы компанияның жұмысын толық орындатуға міндеттей алады. Одан басқа амал жоқ секілді. Ал оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана