Бүгін елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Шара ел тарихында алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы 1-қыркүйектен 15-қазанға дейін жалғасады. Әрі қарай арнайы мамандар үйлерді аралап, тұрғындардан сауал алады. Одан бөлек онлайн тіркелуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін де санақ орындары ашылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv
Тәуелсіздік жылдарындағы үшінші санақ бұрынғыдан өзгерек. Бұл жолы ел азаматтары 24 сағат бойына жұмыс істейтін порталға онлайн кіру арқылы санаққа қатысады. Яғни, сайт бүгіннен бастап 15-ші қазанға дейін ашық.
Халық санағына онлайн тіркелу өте қарапайым. Ол үшін sanaq.gov.kz сайтына кіріп, құжаттарыңызды тіркейсіз. Содан кейін өзіңізге қатысты сұрақтарға толыққанды жауап беріп, келесі бөлімдерге өтесіз.
Одан бөлек қалалық ұлттық статистика комитетінің мамандары онлайн тіркелуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін әр ауданда орта есеппен 15 санақ орнын ашқан. Олар ірі сауда және ХҚКО орталықтары мен мектептерде орналасқан. Азаматтар сол жерде арнайы қызметкерлердің көмегіне жүгіну арқылы толық ақпарат алып, санаққа тіркеле алады.
«Бүгін халық санағына тіркелуге келіп, онлайн тапсырдық. Өте ыңғайлы әрі уақыт үнемдеуге болады. Қызметкерлер көмектесіп жүрді. Онлайн тапсырған дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Жомарт Серіков.
Статистикаға сүйенетін болсақ, қазірдің өзінде елімізде 10 мыңнан астам азамат санаққа онлайн қатысып үлгерген. Оның 2 мыңға жуығы Алматыда тіркеліпті.
«Егер отбасыңызбен бір мекен-жайда тұрсаңыз барлығы бірыңғай онлайн тіркелу қажет. Санақтан өткеннен кейін коды бар СМС хабарлама келеді. Оны міндетті түрде сақтау керек. Яғни қазан айының ортасында үйіңізге келген санақ алушыға көрсете аласыз», – деді ҚР Ұлттық статистика бюрасы Алматы қаласы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Құралай Қонашева.
Графика Айта кетейік, елімізде тәуелсіздік алғалы осы уақытқа дейін 2 санақ өткізілді. Әуелі 1999 жылы азаматтар саны 14 миллион 953 мың 100 адамды құраса, 2009 жылы 16 миллион 009 мың 600 адамға жетті. Ал, 2021 жылғы санақтың нәтижесі желтоқсан айының соңында, немесе келесі жылы белгілі болады.
Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы