Бұл – Меркі ауданында орналасқан Кеңесары ханның облыстағы жалғыз ескерткіші. Ол «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» авто дәлізінің бойында орналасқан. Ханға тұлғасы екі метр ғана кіші ескерткіш тұрғызуға бастамашыл болғандар тұлғаның Жамбылдағы жетінші ұрпақтары. Төре тұқымдары Кенесары өз атам болғандықтан, ескерткіш тұрғызарда ешкіммен ақылдасқан жоқпыз дейді.
«Қазақ Хандығы Жамбыл облысының территориясында басталып, Жамбыл облысында бітті. Енді өзіміздің жекеменшік жер, қаражат өзіміздікі, тұрғызайық дедік, тұрғыздық. Жер берген кісі де, мен де Кенесарының ұрпағымыз», – деді Кенесарының жетінші ұрпағы Аманбай Бексұлтанов.
Бұдан 3 жыл бұрын ескерткішке жергілікті әкімдік жер бермей қойған екен. Кейін жеке кәсіпкер аталарына арнап қазіргі тұрған аумақтан 10 соттық бөлген. Бірақ заңдылығына терең бойламапты. Десе де кесене қанша күлкі болса да, ештеңеге өкінбейтінін айтады. Ал, тұрғындар болса басты жолдың бойындағы кесене үзілді-кесілді сүрілуі керек деген пікірде.
«Қорлау деп санаймын. Кенесарының басының өзі денесінен ажыратылған ғой, енді ол қалмай ескерткішін лайықсыз деңгейде салып беру күллі қазаққа ұят. Егер де петиция қолға алынып жатса, мен барынша өзімнің қолымнан келгенін жасаймын», – деді Меркі ауданының тұрғыны Жомарт Есқара.
«Енді Кенесарының қазасы осы қырғыз жерінде болғандықтан, сол ескерткіш сырттан келетін туристерге де, қырғыз ағайыннан келетін адамдарға мазақ ретінде болған секілді», – деді Меркі ауданының тұрғыны Жалғас Орынбасар.
Әкімдік 3 жыл дегенде төре тұқымдарын ескерткішті сүріп жаңа еңселісін салуға көндірген. Бірақ тағы да демеулішер есебінен.
«Бюджеттен ақша бөлінбейді бірден айтайын. Республикалық ономостикалық комиссияның қаруына ұсынылады, оң қортындысы шыққан жағдайда ол ескерткіштің ары қарай бой көтеру жұмыстары жүргізіледі», – деді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Берік Бегәлиев.
Айта кетерлігі, сүрілгелі жатқан ескерткішке ұрпақтары «Атылмай қалған соңғы жебе» деп ат берген. Ал, жаңасын күзге дейін салуды жоспарлап отыр.
Мерей Бает, Нұрлыбек Ержанұлы, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан