«Кеше төбеден су ақты, бүгін құбыр жарылды, ертең не болады?». Алатау ауданына қарасты Нұркент шағынауданының тұрғындары осылай деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенбі күні жарылған құбыр аталған тұрғын үйдің жертөлесін суға толтырған. Оны тұрғындардың өзі байқап қалыпты. Бірден Пәтер иелері кооперативіне хабарласа алмадық деген азаматтар ендігі жағдайымыз не болады деп алаңдаулы. Өйткені, су құбырын қайта қалпына келтіргенімен, тұрғын үйде тұралап тұрған мәселе көп.
«Біз ПИК-ке видеосын түсіріп, хабарлама да жібердік. Ешқандай әрекет жасалмады. Жертөледе құбыр жарылып, үйдің астының бәрі су болып кетті. Бүгін сол суды тартқыздық. Онда тек біз телеарна тілшілерін шақырғаннан кейін, шағымданған соі ғана судан тазартты», – деді қала тұрғыны Жазира Сәрсекеева.
Тазарса да, әлі суы кеуіп үлгермеген жертөлеге біз де түстік. Жарылып, қайта өңделген құбырды көзбен көрдік. Тұрғындар бірнеше күн жауапты адамдарға хабарласа алмадық дегенімен, мамандар дәл сол күні бәрін жөндеп кеткенбіз дейді. Ал су құбырын түгелдей ауыстырудың тіптен қажеті жоқ екен.
«Қоластымдағы сантехниктермне бірге осында болдым. Құбырдың жарылғанын өзім де көрдім, ақауды жойды. Демалыс, яғни жексенбі күні болса да, біз келіп, бәрін реттеп кеттік», – дейді ПИК инженері Рият Кенжетаев.
Қолданысқа берілгеніне 3-ақ жыл толса да, аталған үй мәселесін майшаммен қарауды қажет етіп тұр. Бұзылған есіктер, төбеден аққан су, сондай-ақ, жұмысы жиі тоқтап қалатын лифт. Ал қабырға жарықтары тек 5 жыл өткеннен кейін ғана жөнделеді екен. Жауапты мамандар осылай дейді.
Мұндағы мәселе бұл ғана емес. Пәтерге кіреберісте жылу құрылғылары іске қосылмаған, ал қабырғалардың жарылған соң сәні кеткен. Есіктер де осы есепке кіреді. Тұрғындар есік алдындағы балалар алаңқайына да шағым айтты. Жалпы, жайттың бәрін жіпке тізіп, жауаптыларға жеткіздік.
Пәтер иелері кооперативі мен тұрғындар арасындағы байланыс қалыпты жағдайда екен. Мұның өзі жауапсыз қалғаннан гөрі, әлдеқайда жақсы. Ал жоғарыдағы мәселенің бәрі шешіледі дейді мамандар. Олардың сөзіне сенсек, тиісті құжат та толтырылыпты.
«Көріктендіру жұмыстарына тапсырыс беруші – Алматы қаласы құрылыс басқармасы. Сол мекеменің жауапты мамандарын шақырып, кепіл бойынша жасалуы тиіс жұмыстарды бірге анықтайтын боламыз», – деді Алатау ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.
Құламаса да, күйі қашып тұрған тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген. Күні кеше сусыз қалған 48 отбасы да «Нұрлы жер» аясында ақшасын төлеп отыр. Сондықтан тегін келмеген дүние тым құрығанда, талапқа сай болса дейді көпшілік.
Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы