Әлем елдерінде соңғы жартыжылдықта кітап жазу, сурет салу, тіпті сот үкімін шығару да нейрожелінің көмегімен іске асқан. Бірнеше ай бұрын ресейлік студент жасанды интеллект көмегімен диплом жұмысын жазып, сәтті қорғап шыққан. Мұны жоғары оқу орнының баспасөз қызметі де растап, кейіннен chatGPT желісіне университетте шектеу қойылғанын жеткізіп еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл оқиғадан соң жаһандық жаңару дүр сілкінді. Тасада тұрған нейрожелінің мүмкіндігі бір-ақ сәтте танымал болды. Содан бері мұндай интеллект көмегімен Америкада кітап жарыққа шықты, ал солтүстіктегі көршілер жасанды тележүргізушіні қолданысқа енгізген. Ал Қазақстандағы нейрожелі бірнеше сөзді қолданып, мінсіз сурет сала алады, идеяңызға орай мәтін жазады, сұхбат жасайды. Тіпті, түсірілім жүргізбей-ақ, сұрауыңызға сай бейнені монтаждай алатын мүмкіндікке ие.
Ойдағыны іске асыру үшін желіге кілт сөздерді жазасыз. Барынша түсінікті сипаттап, керек сапаны таңдаған соң, нәтиже 1 минутта дайын болады. Осылайша, кәдімгі кәсіби суретшінің бірнеше айлық жұмысын нейрожелі санаулы секундта назарға ұсынады. Бірақ мамандарға бәсекелес болмайтыны анық.
«Оны адам басқарады. Яғни, нейрожелі адамдарға ең құнды болған уақытты үнемдеуге көмек береді. Олар бізге қарағанда өте жылдам және әртүрлі жұмыс жасай алады», – деді дизайнер Данабол Бірлесбек.
Нейромаманға демалудың, жалақы алудың қажеті жоқ. 17 жылдан бері көркемсуретпен айналысатын Әсел «бұл – бәсекелесуге тұрмайтын фактор» деп есептейді. Оның ойынша, адам еңбегі қашан да бірінші орында.
«Дизайнер, диджитал-арт мамандары нейрожелінің қолданысқа енуін қаламайтын шығар. Олардың жұмысы да тікелей жасанды интеллект істей алатын дүниемен байланысты. Ал кәсіби суретші ретінде мен оны бәсекелестік деп санамаймын. Сондықтан, дәл өзіме қатысты салада нейрожеліні керісінше, жаңа мүмкіндік деп білемін. Бәлкім, басқа бағыттағы мамандар үшін оның зияны бар шығар», – деді кәсіби суретші Әсел Бекжан.
Қазір әлемдік саясат аренасында нейрожелі жазған мәтінді оқу қалыпты үрдіске айналған. Демек жасанды интеллект тек өнерге емес, қоғамның әр саласына өзгеріс әкеледі.
«Жалқаулық пайда болатын шығар, қолөнер азайып, адам ойын шектейтін болар. Тек жасанды интеллектке иек арту, сеніп қалу үрдісі пайда болуы мүмкін. Бірақ алдағы 1-2 жылда бүкіл адамның қасындағы бір инструменті, оң қолы болады», – деді дизайнер Данабол Бірлесбек.
«Иә, жасанды интеллект бәрін істей алады. Бірақ оның өнімінде сезім жоқ. Ол жазған мәтін құрғақ, сурет жансыз шығады. Бәрібір адамның араласуы керек. Сондықтан нейрожеліні тек қосымша құрал ретінде пайдалануға болады, одан қорқудың қажеті жоқ», – деді СММ маманы, графикалық дизайнер Анастасия Силиверстова.
Еуропалық комиссия сарапшылары 2036 жылға қарай барлық жұмыс үдерісінің 50 пайызы нейрожелі арқылы автоматтандырылады деп болжайды. 15 елде жүргізілген зерттеуге сенсек, Қытайдың өзінде 12 мыңнан аса нейромаман бар екен. Одан кейінгі орындарда АҚШ пен Жапония тұр. Қалай болғанда да, бұл қарқынмен жасанды интеллект жаңа өмірдің шындығына айналмақ.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы