|
29.01.2021 | 19:09
4988

Елордада қатты желден бүлінген көпқабатты үйді қалпына келтіру үшін 100 млн теңгедей қаржы керек

Сапасыз салынған ғимаратқа кім жауап береді?

Елордада қатты желден бүлінген көпқабатты үйді қалпына келтіру үшін 100 млн теңгедей қаржы керек Almaty.tv

Сапасыз салынған ғимаратқа кім жауап береді? Нұр-Сұлтанда көп қабатты үйдің тұрғындары үйдің маңынан жүруге қорқып қалған. Себебі 16 жыл бұрын ғана салынған құрылыстың боранды күндері кірпіштері құлап жатыр. Халықтың сөзінше, тез арада жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, не үй құлайды, болмаса адам мерт болады.  Зәрезап болған жұрттың шағымын Almaty.tv тілшісі Қаламқас  Нысанбай естіп қайты.

Бұл қаңтар айының ортасында көпқабатты үйлердің бірінде болған жағдай. Қатты желге шыдамаған тұрғын үйдің қабырғасы опырылып құлаған. Енді пәтер иелері үй сапасыз салынған деп шағымдануда.

«О баста дұрыс істелінбеген. Дұрыс жасалмаған. Бұлар кәдімгі сынық кірпіштен салып шыққан. Соны жауып жіберу үшін, сыртын сылақ жұмыстарын жүргізген. Ал, оны дұрыс істемеген. Бәрі құлап жатыр. Міне, көзбаяшылық дейді ғой мұны. Неге әкімдік сол кезде қабылдап алады?» – деді қала тұрғыны Төренияз Шаңқыбаев.

Пәтер иелері кооперативі мен тұрғындар сараптамаға өтініш берген. Нәтижесінде жұртшылық үйдің жөндеу жұмыстарын қазірден қолға алуы керек деп дабыл қағып отыр. Себебі бір жер ғана емес, үйдің басқа да сыртқы қабырғалары құлаудың аз-ақ алдында тұр дейді.

«Біз әкімдікке барғанымызда, тұрғандар жөндеу жұмыстарын өзі жасау керегін айтқан болатын. Біз, әрине, өзіміз істейміз жөндеу жұмыстарын. Тек мына құлаған үйдің сыртын істету көп ақша болады. Оған тұрғындардың қазіргі уақытта қаражаты жетпейді», – деді «Арайлым» ПИК төрағасы Мақсұт Қайыржан.

Ал Сарыарқа ауданының әкімі бұл мәселе қазіргі заңнамаға сәйкес үш жолмен ғана шешілетінін жеткізді. Біріншісі - тұрғындардың шағымы бойынша кеткен шығындарын өтеу үшін,  үйді салған құрылыс компаниясына арыз жазып сотқа жүгіну керек. Әкімдік біздің тараптан ақша бөлініп жасалмайды, тек ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысамыз деп отыр.

«Нұр-Сұлтан қаласының қарамағында «Өркен Қала» деген оператор бар. Сол оператор толық осы жұмыстарды жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, құрылымын шығарып, одан кейін 15 жылға дейін бөліп төлеу тәсілі бойынша әр тұрғынның, әр пәтердің үлесіне жүктеме салады. Біздің пайымдауымша, сол арқылы жұмыстарды атқаратын болсақ, өте тиімді болады. Тұрғындар қосылып қор жасап, сол жерге қаражат жинап жөндеу жұмыстарын жасау керек. Әрине, ол тұрғындарға ауыр болуы мүмкін», – деді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Халық бұл үйдің жөндеу жұмыстарын қажет ететін өзге де жерлерін өз міндеттеріне алудан бас тартып отырған жоқ. Тек кірпіші құлап қалған мына жерге тұрғындардың есептеуінше 100 миллиондай қаржы керек. Сондықтан әкімдіктен көмек көрсетілгенін қалайды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир