Қапшағайда демалғысы келетіндер нені ескеруі керек

Қапшағайда демалғысы келетіндер нені ескеруі керек
Шомылу маусымы басталғалы Қапшағайда қайғылы жағдай тіркелмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қапшағай су қоймасына былтыр 18 адам батып, қайтыс болған. Өкінішке орай, қаза тапқандардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Себебі демалушылардың көпшілігі суға түсу ережелерін сақтамайды немесе арнайы рұқсат етілмеген аймаққа шомылады. Алайда келушілердің бір бөлігі құтқарушылардың жұмысына көңілі толса, бірі оларды көрмейтінін айтты. Қапшағайдағы құтқарушылармен бірге көл жағалап келген Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов айтсын.

Қапшағай су қоймасы еліміздегі ең қауіпті демалыс орындарының бірі болып саналады. Себебі суға батып кететіндердің көпшілігі осында тіркелген. Сондықтан да біз қазір төтеншеліктермен бірігіп тексеріс жүргізетін боламыз.

Қапшағайдағы шомылу маусымы осыдан бірнеше апта бұрын басталған болатын. Қазірдің өзінде демалушы көп. Сол үшін облыстық ТЖД-нің мамандары жергілікті еріктілермен бірігіп суға батып кетудің алдын алу мақсатында келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үнпарақтар таратты.  

«Қазіргі ахуалға байланысты барлық талапты сақтауға тырысамыз. Балаларымызға алысқа, терең жаққа бармауын ескертеміз», – деді демалушы Жанна Елешова.

«Сақтық шараларын міндетті түрде сақтаймыз. Балаларға қараймыз», – деді демалушы Гүлшара Дарханова.

«Құтқарушылар жаңа ғана ескертіп кетті. Мен мұнда балаларыммен, немерелеріммен келдім. Осы отырғанда балаларымды қарап, тексеріп отырмын», – деді демалушы Виктория Радостева.

Өткен жылдың өзінде Қапшағайда 18 адам батып кетсе, 20 дан астам демалушы құтқарылған. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Сол үшін төтеншеліктер көпшіліктің көзінше қайғылы жағдайларға апаратын көріністер қойып, оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

«Мұндағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 50-ден астам маман жұмылдырылған. Олар қазіргі уақытта жағажайды күні-түні қадағалап, қатаң бақылауда ұстап отыр. Мұндай алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қуат Елдібаев.

Шомылу маусымы басталғалы Қапшағайда қайғылы жағдай тіркелмеген. Сондықтан құтқарушылар келушілерді тиісті ережені сақтап, барынша сақ болуды ескертеді.

Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров