Зейнетақының бір бөлігі жекелеген салымшыларға неліктен берілмей жатқаны белгілі болды

Иллюстративное фото из открытых источников
Иллюстративное фото из открытых источников
Оның бірнеше себебі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Зейнетақының бір бөлігі жекелеген салымшыларға неліктен берілмей жатыр? «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден,  өтінімдерді қабылдаудан бас тартудың басты себебі – салымшылар өз өтінімінде қолжетімді мөлшерден асатын соманы көрсеткен. Екіншіден, бірнеше мәрте өтініш жібергендер де бар. Тіпті мүлде жинағы жоқ адамдардан өтініштер келіп түскен. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

БЖЗҚ мен «Отбасы банктің» порталдарына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш түскен. 50 мың адамның арнайы шотына жақын күндері зейнетақы қорынан қаржы аударылатынын жеткізді  «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова. Оның сөзінше, бұған дейін уәде еткендей қаражаттың уақытылы түспеу себебі жүйе іске қосылса да әлі де кемшің тұстары түзетіліп жатыр.  

«Қазір біз өз клиенттеріміздің ескертуін есепке ала отырып, порталымыздың жұмысына тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Бірінші кезекте өте жиі түсетін өтініш  –  өтінімді редакциялау мүмкіндігін беру. Яғни, алдымен адам несиені төлеу туралы өтініш білдіріп алып, кейін жаңа пәтерді ипотекаға сатып алғысы келетін жағдайлар бар. Ал қазірдің өзінде арнайы шотқа ақшасы аударылып қойды делік. Менің ойымша, бір аптаның ішінде өтінім берушілер үшін өтінімді редакциялау мүмкіндігі беріледі», – деді «Отбасы банк» АҚ төрайымы  Ләззат Ибрагимова.

Азаматтар берген өтінімінің күшін жоя да алады. Өйткені көбі операцияларды жыл соңына дейін жүргізу туралы шешім қабылдап жатқан көрінеді. Ал, зейнетақы қаржысын емделуге пайдалану мәселесі әлі талқылануда. Алдын ала айтылған ақпарат бойынша, ЭКО жасатуға ақша алу мүмкіндігі берілмек.

«Ережелер қазір Әділет министрлігінде бекітілгелі жатыр. Менің білуімше, бұл мәселе соңғы сатыда тұр. Сегізінші мақсат та пайда болды. Ол – қосымша репродуктивті көмекші технологиялар. Қазір ЭКО жасатуға болады. Бұл ереженің соңғы құжатта пайда болғанын нақты білемін», – деді «Отбасы банк» АҚ төрайымы  Ләззат Ибрагимова.

Айта кетерлігі, нашар несие тарихы бір реттік зейнетақы төлемін беруден бас тартуға себеп болмайды. Бұдан бөлек, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов тағы бірнеше банкпен келісімшарт жасалып жатқанын айтты. Ал, өтінімдерді мақұлдау жағынан және зейнетақы жинақтары бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр.  Екінші орында – Маңғыстау облысы. Үшінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Төртінші орында – Атырау облысы. Осы төрт өңірдің халқы зейнетақы жинағын пайдалана алатын азаматтардың 70 пайыздан астамын құрап отыр.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров